Көлігіңізді эвакуатор алып кетсе, бұған екі себеп болуы мүмкін:

  1. Сіз «Автотұраққа тыйым салынады» белгісіне тұрақтадыңыз;
  2. Көлігіңізді мүгедектерге арналған автотұраққа қойып кеттіңіз.

Қандай да бір іс-әрекетке бармай тұрып, +7 727 261 0606 нөмірі арқылы Алматы ішкі істер департаментіне қоңырау шалып, көлігіңіздің айып тұрағында бар-жоғы туралы біліп алғаныңыз жөн.

Көлігіңізді айып тұрағына алып кеткен болса, сол жерге барып, көлігіңізді алып кеткен инспекторды күтіңіз. Инспектор келгеннен кейін сізге айыппұл жазады, қарыздар базасын тексереді. Егер сіз «таза» болсаңыз, тек осы әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлейсіз. Әйтпесе, осыған дейін жиналып қалған басқа да қарыздарды төлеуге тура келеді.

Айыппұлды төлегеннен кейін көлігіңізді алып кеткен ауданның әкімшілік полиция бөліміне барып, төлем туралы түбіртекті бересіз. Олар сізге көлікті қайтаруға рұқсат береді.

Ескеріңіз!

Егер сіз эвакуациялау кезінде көлігіңізге оралып үлгерсеңіз, онда полиция қызметкерлері оны алып кетуге құқылы емес. Сізге айыппұл жазып беріп, босатуға міндетті.

Егер көлікті бәрібір алып кетсе, ҚР ІІМ-нің бірыңғай сенім телефоны — «1402» нөміріне хабарласып, қызметкерлердің заңсыз әрекеттері туралы айтыңыз.

Заң бойынша мына жағдайларда ғана көлігіңізді айып тұрағына алып кете алады:

  • Көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзу;
  • Көлікті құжатсыз басқару және көлік жүргізуге құқықтың болмауы;
  • Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу;
  • Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу;
  • Жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамау;
  • Құқықбұзушы (немесе іс жүргізуге қатысушы) құқықбұзушылық туралы істі қарайтын органға іс бойынша талқылауды кейінге қалдыруға себеп болған дәлелсіз себептермен бас тартқан немесе келмеген жағдайда;
  • Орманда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелерді бұзғаны, орманды заңсыз кесу, браконьерлік, жайылымдар мен егістіктерге зиян келтіру, қорғалатын объектілерге заңсыз кіру және тағы басқа әрекеттер жасау;
  • Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккендердің болуы;
  • Көлікті алкоголь немесе есірткі пайдаланып, мас күйде жүргізу, сонымен бірге мастықты куәландырудан өтуден бас тарту.

Жол полициясы шетел азаматтарының автокөліктерін де айып тұрағына алып кете алады.

Айыппұл мөлшері туралы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес көлік қою ережесін бұзған адам айыппұл төлейді. 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда 4,99%-ға артық төлем жасайсыз. Бұл айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 2 405 теңгеден 2 525 теңгеге өсуіне байланысты.

Әкімшілік құқықбұзушылық атауы

ӘкҚБК бабы

Айыппұл (АЕК)

Теңгемен

Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу.

597-бап, 1-тарау 5 АЕК 12 625 теңге

Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сонымен бірге көлік құралдарын гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе тоқтап тұру.

597-бап, 2-тарау 10 АЕК 25 250 теңге

Көлік құралдарын жолдың жүру бөлігіне тоқтатып, басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіру немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу.

597-бап, 3-тарау 10 АЕК 25 250 теңге

Мүгедектердің көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу.

597-бап, 4-тарау 10 АЕК 25 250 теңге

 

2018 жылы күшіне енген ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енген өзгерістерде жол ережелерінің бұзылуына қатысты айыппұлдың 22 түрі азайтылған. Аталған заң бойынша айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50%-дық жеңілдік жасалады.

Алматыда орналасқан айып тұрақтарының мекенжайы:

  1. Рысқұлов даңғылы, 8;
  2. Бродский көшесі, 63;
  3. Бұқтырма, 2 г;
  4. Рысқұлов даңғылы, 35 б;
  5. Райымбек даңғылы, 487 а;
  6. Райымбек даңғылы, 512 а.

Тоқтауға және көлік қоюға болмайтын жерлерге, аялдамаға және жолдың жүріс бөлігіне көлік қоюға болмайтынын жадыңыздан шығармаңыз. Көлікті қалдырып, «тез ораламын» деген тәуекеліңіз айыппұл төлеуге себеп болуы мүмкін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!