Аз қамтылған отбасылардың балаларына 23 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.
Аз қамтылған отбасы балаларына берілетін жәрдемақы да өзгереді. Егер ол 1 шілдеге дейін 4 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Оған қосымша ата-анасына табыстары күнкөріс айырмашылығын есептегенде күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда да оларға қосымша жәрдемақы төленеді, — деді ол.
Министр әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде халыққа ыңғайлы болуы үшін талап етілетін құжаттар саны азаятынын айтты.
Енді осының барлығы қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Е-халық» жүйесімен жүзеге асырылады. Егер кейбір мәіліметтер жоқ болатын болса, да ата-ананың келуінің керегі жоқ. Жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәліметтерді алады, — деді Бердібек Сапарбаев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 830 мың қазақстандықтың атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі болатынын айтты.
1 шілдеге дейін ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 849 теңге болады. Ал 1 шілдеден бастап ол 20 789 теңгеге көтеріледі, яғни егер аталған көмекті осы уақытқа дейін 571 мың адам алып келсе, енді ол 260 мыңға көбейіп, 830 мың қазақстандықтың атаулы әлеуметтік көмек алуына мүмкіндігі болады, — деді министр.
Бердібек Сапарбаев жалғызбасты отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемі мен олардың жалпы табысы қанша болатынын нақты мысалмен түсіндірді.
4 балалы жалғызбасты отбасы 1 шілдеге дейін табысы жоқ болған соң 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, енді 1 шілдеден бастап ол 40 мың теңгеге көбейеді, яғни 103 945 теңгеге жетеді. Ал қосымша төлемдерді есептегенде ол отбасының жалпы табысы айына 114 448 теңге болады, — деді ол.
Министр атаулы әлеуметтік көмек дайындау үшін отбасылардың жиынтық табысы енді басқаша есептелетінін айтты.
1 шілдеден бастап көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, мүгедек балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен стипендиялар бұрынғыдай табыс ретінде есепке алынбайды, — деді Бердібек Сапарбаев.