Депутаттар кімдерді министр болуға лайық деп шешті?

Мәжіліс депутаттары министрліктерге басшы ретінде ұсынылған бір топ кандидатураны қолдады.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Парламенттің төменгі палатасының қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің отырысы өтіп, Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі қызметіне тағайындауға Әлихан Смайыловтың кандидатурасы келісілді. Бұл мәселе ҚР «Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес қаралды. Кандидатураны Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Алдабергенов таныстырды. Ол Әлихан Смайыловтың қаржы саласында үлкен тәжірибесі бар екенін және тиісті басқару құзыретіне ие. Мәжіліс комитеті тиісті кандидатураны қолдайтыны туралы шешім қабылдады.

Мәжілістің экономикалық даму және өңірлік даму жөніндегі комитетінің мүшелері Премьер-министрдің орынбасары қызметіне Жеңіс Қасымбектің кандидатурасын қолдады. Палатаның осы комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындауға Роман Склярдың кандидатурасын қолдады.

Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің депутаттары Энергетика министрі лауазымына Қанат Бозымбаевтың кандидатурасын мақұлдады. Төменгі палатаның әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің депутаттары Мәдениет және спорт министрі лауазымына Арыстанбек Мұхамедиұлының кандидатурасын лайық деп тапты.

Депутаттар Денсаулық сақтау министрі лауазымына Елжан Біртановтың, Білім және ғылым министрі қызметіне Күләш Шәмшидинованың, Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына Дәурен Абаевтың кандидатурасын қолдады.

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің отырысында Премьер-министрдің орынбасары лауазымына Гүлшара Әбдіқалықованың кандидатурасы келісілді. Руслан Дәленовтың кандидатурасы Ұлттық экономика министрі қызметіне, Асқар Жұмағалиевтің кандидатурасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына келісілді.

Бұдан соң Қазақстан Президенті Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Министрлер кабинетіне кімдердің келгенін мына жерден біле аласыздар.