Алматы әкімі Бауыржан Байбектің есеп беру кездесуі басталар алдында бірнеше адам шараның өтуіне кедергі жасамақ болды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жиналғандарға алдын ала бірнеше рет ескерту жасаса да, тәртіп бұзушылар шараның өтуіне кедергі жасауға тырысуын тоқтатпады.
Ақпарат құралының хабарлауынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-тармағы бойынша құқық бұзушылар ұсталып, полицияға жеткізілген.
Еске салайық, 20 ақпан күні Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарына есеп берді. Ол 2022 жылға дейін Алматыда сегіз мектеп салынатынын, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығынына өтемақы төленетінін және басқа да жаңалықтарды жария етті.