Азаматтардың тұрақты табысы бар санатына жатпайтын студенттер үшін ата-ана беретін ақшаға қосымша қаражат көзі қашан да қажет. Тіпті, мемлекеттің немесе жекеменшік құрылымның гранты бойынша тегін білім алып жатқан жастарға да қаржылай көмек артық болмайды. Елімізде түрлі жоғары оқу орнының студенттеріне қосымша стипендия беретін бағдарламалар мен ұйымдар бар. Бұл материалда жаратылыстану, техника, медицина мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің қандай стипендия иеленуге мүмкіндігі бар екені жөнінде әңгімелейміз. 

Baribar.kz-ке осындай стипендияның бірі туралы академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының жобалар координаторы Нұрсұлтан Нұрмұханов айтып берді. 

Шахмардан Есенов қорының жыл сайынғы стипендия тағайындау жобасына қабылдау кезеңі аяқталып қалды. Егер сіз геология, медицина, ІТ және техникалық, инженерлік мамандықтың 2,3-курс студенті немесе 1-курс магистранты болсаңыз, стипендия ұтып алуыңыз әбден мүмкін. Құжаттар 24 ақпанға дейін қабылданады.

Шахмардан Есенов атындағы стипендия 2013 жылдан бері тағайындалып келеді. Алғашқы жылдары ол санаулы адамға берілетін. Жылдан жылға стипендия алушылар көбейіп, 2018 жылы бұл көрсеткіш 20 адамға жетті. Биыл 25 білім алушыға Шахмардан Есенов атындағы стипендияны ұту бұйырады. Оның бір айлық көлемі — 25 мың теңге.

Бұл стипендияның мақсаты не?

Студенттердің ең басты мәселесі — қаражат. Әсіресе, басқа калалардан келген студенттер қаржы тапшылығы салдарынан қосымша курстар мен IELTS-қа дайындық сияқты көп мүмкіндіктен айырылуы мүмкін. Олардың жатақхана не пәтер, азық-түлігіне біраз қаражат қажет. Сол себепті алдына мақсат қоя алатын, қалай жетілу керек екенін нақты білетін студенттерге мотивация ретінде стипендия тағайындаймыз.

Әрине, бұл көп ақша емес. Бірақ стипендия студенттер мен магистранттардың өздерін жетілдіруі үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Стипендияның биылғы ерекшелігі — медицина саласын қостық. Себебі қазір биотехнология, химия, биомедицинаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстанның медицинасының да дамуын қалаймыз.

Стипендияны тағайындау конкурсы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі — құжаттарды қабылдау, екіншісі — бизнес-ойын.

Стипендияға тапсыру үшін қандай құжаттар қажет?

Стипендияның тағайындалу ережелері мен өтініш үлгісі мына жерде. Қажетті құжаттар тізімі төмендегідей:

  1. Үлгіге сәйкес өтініш (қордың yessenovfoundation.org сайтында орналастырылған);
  2. Ғылыми жетекшінің (бакалавриат/ магистрлік бағдарламаның басшысы, кафедра меңгерушісі) ұсынымы;
  3. Эссе. «Қазақстанның білімі мен ғылымы үшін не жасадым және не жасығым келеді? Сіз үшін не маңызды? Неліктен?» деген сұрақтарға жауап беруі тиіс. Өзіңіз қалаған форматта жібере аласыз (аудио, видео, жазбаша);
  4. Жеке куәліктің көшірмесі;
  5. Транскрипт (орташа балл 3-тен төмен болмауы тиіс);
  6. Магистратура студенттері үшін жоғарғы білім туралы (бакалавр) дипломының көшірмесі.

Осы құжаттарды жинап, [email protected] электрон поштасымен жіберуге болады.

Бірінші кезеңнен өту үшін не істеген жөн?

Бірінші кезеңде құжаттар салыстырылып, республикалық конкурстан өтеді. Үміткер студенттің қаншалықты белсенді екенін сараптап, іріктеуден екінші кезеңге жібереміз. Кейде үміткердің аталған құжаттары түгел болмағандықтан екінші турға өтпеген кездер болды. Сондықтан құжаттарды тізім бойынша нақтылап, тексеріп, жіберген жөн.

Өтініштер алдымен эсседен бастап қаралады. Өйткені эссе арқылы адамды, оның ішкі дүниесін, көзқарастары мен мақсатын тануға болады. Әрине, үміткердің қоғамдық, ғылыми қосымша жетістіктерінің көп болғаны жақсы. Бірақ оның бәрі эсседен соң қаралады. Сондықтан эссеге ден қойып, аса ұқыптылықпен қараған жөн.

2018 жылы 302 адам құжат тапсырды. Ол кезде стипендия саны 20 болғандықтан бірінші кезеңнен 40 адамды өткіздік, яғни бір орынға екі адамнан үмітті. Биыл екінші кезеңге 50 адамды өткіземіз.

Бірінші кезеңнің нәтижесі 10 наурызда ресми сайтымызда шығады. Бұл кезеңнен өткен 50 адам стипендияға шын мәнінде лайық деген сөз. Екінші кезеңді бизнес-ойын түрінде өткіземіз. Ол Алматы мен Астанада болады. Басқа аймақтағы үміткерлердің екінші кезеңге қатысуын біз қаржыландырамыз. Олардың келіп-кетуіне, тамақтануына, тұрақтайтын жерін қор қамтамасыз етеді.

Нұрсұлтан Нұрмұханов
Нұрсұлтан Нұрмұханов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екінші кезеңнің мақсаты қандай?

Екінші кезеңде біз адамның ішкі қасиеттерін жақсырақ тануға тырысамыз. Стипендияны алған соң үміткер оны өзінің дамуына, қызығушылығына жұмсай ма, студенттің қандай бағытта мақсаттары барын түсінгіміз келеді. Ойын кезінде адам ашылып, өзін жақсы көрсететіндіктен екінші кезеңді сауалнама емес, түрлі кейсті беріп, бизнес-ойын форматында өткізуді жөн көреміз.

Біздің қордың құндылықтары — басқа адамдарды артқа тастап жүру емес, басқалардың ойымен санасу, идеялас адамдармен бірігіп жұмыс істеу. Ортақ көзқарастар бойынша еңбектенуді қолдаймыз. Ал біреуге қарсы шығу, үнемі өзінікін ғана алға тарту жақсы нәтиже бермейді. Сондықтан қордың осындай құндылықтарын стипендия үміткерлерінің бойынан көргіміз келеді.

Екінші кезеңде 50 адамды 4-5 топқа бөліп өткіземіз. Бұл кезең 3-4 сағат қана болғанымен сарапшылар арасында психолог болады. Кейін бізде әр адамның мінездемесі қалыптасады. Біз үміткерлеріміздің қандай екенін түсінеміз. Олардың әлсіз және күшті жақтарын бағалаймыз. Осылайша соңғы қорытынды нәтиже сәуірдің бірінші аптасында белгілі болады.

Қорытынды нәтижені дәл осы уақытта шығаруымыздың себебі бар. Бұл кезде геологтардың кәсіби мерекесі тойланады. Шахмардан Есеновтың геолог болғаны белгілі, стипендияны да оның құрметіне тағайындап жүрміз. Сондықтан Шахмардан Есеновтың ғылымға қосқан үлесін халықтың есіне салып, жұмысын жалғастыру — біз үшін үлкен міндет.

Шахмардан Есенов атындағы қордың мақсаты қандай?

Қордың миссиясы — Қазақстанның әлеуметтік зияткерлік потенциалын дамыту. Ғылыммен айналысатын, ақылды, білімді жастарды қолдау. Ғылымды жастар шетелде тереңнен зерттеуі мүмкін, бірақ елге келіп, оның дамуына үлесін қосады деген үміттеміз. Осы мақсатпен жастарға көмектесіп, демеу болуға әзірміз.

Шахмардан Есенов қорының стипендиядан басқа да жобалары бар. Оларға қатысқан жастармен үнемі байланыста болуға тырысамыз. Мысалы, 2018 жылы қордың бесжылдығына стипендияның бұрыңғы жеңімпаздары мен басқа жобаға қатысушыларды шақырып, олардың тәжірибесін, білімін сұрастырдық. Елінің дамуына жастардың қандай да бір пайдасы тисе, демек, біздің миссия орындалды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!