Турды алдын ала броньдаудан не ұтамыз?

Қазақстандықтардың 2019 жылы аттай 119 күн демалатыны бұған дейін хабарланған еді, оның ішінде наурыз айында жарты ай шамасында демалыс бар.

«Туристік қамқор» қоры наурыз айында қазақстандықтар демалыс үшін БАӘ, Таиланд, Мысыр, Үндістан, Шри-Ланка, Индонезия, Малайзия, Вьетнам, Иордания, Хайнань, Доминикан Республикасы, Канар аралдары және Куба бағыттарын таңдауы мүмкін деп топшылайды. Қор өкілдері демалысты жоспарлап отырған азаматтарға турларды алдын ала броньдап қоюға кеңес береді.

Әдетте алдын ала броньдау кемінде үш аптадан 3-6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Сол себепті сіздің сәуір-мамырдағы ыңғайлы демалысыңыз немесе жазғы отбасылық демалыс туралы бүгіннен ойлауыңызға кеңес береміз, — деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Ерте қолайлысы — турға 3-6 ай бұрын қамдану. Сол себепті наурызда болмаса да, келесі айларда Түркия, Мысыр, Таиланд, БАӘ бағыттары үшін тиімді жеңілдіктер алуға мүмкіндік бар. 3-6 ай бұрын броньдаған кезде шетелдік қонақүйлер 30%-дан 60%-ға дейін жеңілдік ұсынады.

«Туристік қамқор» қоры өкілдерінің хабарлауынша, арзан турды сатып алу үшін  соңына дейін күту және уақытша жеңілдікпен тез арада сатылатын жолдамаларға жармасу міндетті емес екенін қазақстандықтар әлі толық түсіне қойған жоқ.

Ерте броньдау сенімді, жайлы демалысты қалайтындар үшін ыңғайлы. Броньдау жылдың басында басталып, сәуір айына дейін, кей жағдайларда одан да кейінгі мезгілге созылуы мүмкін. Сервистің бұл түрі демалыс маусымы қызған қауырт шаққа дейін жайлы қонақүй таңдап қоюға және туроператорлардан қомақты жеңілдік алуға мүмкіндік береді.

туризм
Фото: Іmagenesmy.com

Биыл қандай жаңа авиабағыттар ашылады?

«Туристік қамқор» корпоратив қоры саяхат жасауды жақсы көретіндерге 2019 жылы Қазақстанның бірқатар жаңа, тікелей әуе қатынасын ашатынын хабарлайды.

ҚР Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, олар — Қазақстаннан Чехия астанасына, Ұлан-Баторға және Токиоға қатынау.

Мамырда SCAT Airlines авиапаркі екі жаңа Boeing-пен толығады. Ұлан-Баторға бірінші рейс 2 маусымда жасалады деген мәлімет бар. Моңғолия — туристер арасындағы танымал бағыттардың бірі. Әлем жұртшылығы мұнда әйгілі Шыңғысханның өмір сүрген және қызмет еткен жерлерін көру үшін келеді.

Моңғолия экологиялық туризмімен де танымал. Мұнда ұлттық парктерге экскурсиялар ұйымдастырылады, ол жерлерден өте ежелгі жануарлар мен жәндіктерді жақыннан көруге болады. «Динозаврлар зиратында» жойылып кеткен сол хайуандардың қаңқасы түгел құрастырылған.

Биыл жазда SCAT Airlines Батуми, Краснодар мен Сочиге де әуе рейстерін жандандырады. Бұл қалаларға арналған Астанадан тікелей ұшуға болады. Ереван мен Минерал суларға да рейстер жасалады.

«Туристік қамқор» қорының мәліметінше, биыл сәуірде Әзірбайжан әуе желілері Баку-Алматы-Баку бағыты бойынша әуе қатынасын ашқалы отыр. Ресейдің S7 әуе компаниясы Новосібір-Астана бағытымен жаңа рейс ашпақ, сонымен бірге Мәскеуден Семейге ұшақтар қатынайды.

Авиация
Фото: Аvia-simply.ru

Туркод талап етуді естен шығармаңыз

«Туристік қамқор» корпоратив қоры қазақстандықтарға шетелге барып демалу үшін жолдамаларды сенімді, азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беретін туроператорлардан сатып алу қажет екенін тағы бір ескертеді.

Азаматтар шетелге шықпас бұрын өзі тоқтайтын қонақүй бронін, елге кері қайту билеті мен туркодты мұқият тексеріп алғаны абзал. «Туристік қамқор» жүйесіне қатысатын турагенттіктердің бәрі тұтынушылар жолдама сатып алған кезде туркод беруге міндетті. Ол үшін қосымша төлем алынбайды.

Туристік код қаріптік-сандық 11-13 (шығатын елге қатысты) символдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автомат түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек, сонда тәулік бойы шұғыл көмек ала алады.

Туркод жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз.

«Туристік қамқор» қоры сыртқы туризм саласында Қазақстан азаматтарының құқықтарына кепілдік беру жүйесі пайда болған сәттен бастап шетелге демалуға шыққан қазақстандықтарға 630 мың туркод берді, олардың бәрі аман-есен демалып, елге оралды.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Studio Brillo)