Доллардың қымбаттауы туристік жолдама құнына әсер ете қойған жоқ

Доллардың қымбаттауына байланысты қазақстандықтар үшін шетелде демалу бағасы айтарлықтай өзгермейді. Бұл туралы «Туристік қамқор» корпоратив қорының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Туристік жолдамалардың бағасы, негізінен, АҚШ долларымен қалыптасатынын ескерсек, олардың өзіндік құны сәл ғана өзгереді, теңгемен қайта есептегендегі бағасы ғана өсуі мүмкін. Себебі туроператорлар бағаны қазіргі курспен қайта есептейді, ал доллардың курсы біраз өскені байқалады. Сол себепті туристік жолдамалардың бағасы өскен жоқ, тек оның теңгемен қайта есептегендегі құны өзгерді деген дұрыс болады. Алайда доллармен алғандағы жолдамалардың да бағасы бірқалыпты емес. Бағыты, маусымы мен қонақүйдің жайлылығына қарай бағаның құбылуы қалыпты жағдай», — делінген хабарламада.

Қордың мәліметінше, доллардың сәл қымбаттай түсуі биылғы жаз маусымында туристік ағымға еш кері әсерін тигізген жоқ. Жаздың үш айында 140 мың қазақстандық туркодпен шетелде демалып үлгерді. 2017 жылы 260 мың адам демалған болатын, яғни алыс шетелде демалуды жоспарлайтын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады.

«Тамыз айының соңында мұсылман әлемінде аталып өтетін үлкен мереке — Құрбан айтқа байланысты туристік жолдамалар біршама қымбаттайды. Түркия бағытындағы баға қыркүйектен бастап төмендейді. Бұл кезде Қазақстанда жаңа оқу жылы басталады, яғни демалушылар саны күрт азаяды. Қазақстандықтар Түркияны отбасымен демалу үшін таңдайды. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қыркүйектің соңында Түркияда бесжұлдызды қонақүйде екі адамға шаққандағы сегіз күндік демалыстың құны 800 мың теңге болса, Мысырдағы тура осындай демалыс 500 мың теңгеге түспек. Мысырда күз бен қыс айларында демалыс бағасы жоғарыласа, Түркиядағы демалыстың бағасы, керісінше, біртіндеп арзандай түспек», — деп хабарлайды «Туристік қамқор» баспасөз қызметі.

Соңғы кездері алаяқ турагенттердің саны көбейіп барады. Олар туристерден жолдамалардың толық құнын жинап алып, аяқасты жоқ болып кетеді. Сол себепті «Туристік қамқор» қоры шетелге шықпас бұрын алдымен өзіңіз тоқтайтын қонақүй бронін, елге кері қайту билеті мен туркодты тексеріп алуға кеңес береді.