Басты бетЖаңалықтарЕрлан Тұрғымбаев...

Ерлан Тұрғымбаев уақытша баспана тұрғындарын қауіпсіздікті сақтауға үндеді

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысының кулуарында қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға үндеді.

Бізде өрт қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар жоспары бар. Ол қазір қолданыста. Бірақ қазір уақытша баспана өте көп болып тұр, пеш жағатындар өте көп, ол өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді. Бүгінде Қазақстан халқының әрқайсына профилактика жүргізу үшін өртсөндіруші жетпейді, — деді министр.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, адамдар өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарының өзін әрдайым естен шығармауы керек.

Бұл — азаматтардың өзінің қауіпсіздік мәселесі. Азаматтар, бірінші кезекте, өздері мен балаларын ойлауы керек. Бізде үнемі бәріне мемлекет пен мемлекеттік органдар кінәлі деп есептейді. Иә, расында да біз өрт қауіпсіздігін қадағалайтын органбыз. Бірақ балалардың, баспананың қауіпсіздігі, қандай пеш, қандай отын қолданылатыны, осыдан шығатын басқа да салдарлар — барлық жауапкершілік азаматтардың өзіне артылады, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Үкіметке азаматтардың уақытша баспанада тұруына тыйым салатын заң жобасы енгізілетінін хабарлаған еді. Оның айтуынша, уақытша баспана тұрғындарының қауіпсіздігіне өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамай сондай үй салушылар да, оны жалға берушілер де, тұрғындардың өзі де бірдей жауапты.

Бұрын жемқорлық қаупімен байланысты мәселелер болды, жер инспекциясының, сәулетшілердің, газ қызметінің, төтенше жағдайлар қызметі бөлімшелерінің қорытындысы талап етілді. Біз одан бас тарттық, рұқсат алу жүктемелерін азайттық. Өкінішке қарай, нәтижесі былай болып тұр – теріс ниетті құрылыс салушылар, әсіресе, жеке секторда аумағына уақытша нысан тұрғызатындар оларды баспанаға мұқтаж тұрғындарға жалға беріп жатыр. Біз Үкіметке заң жобасын енгізу үшін, уақытша баспана мәселесін шешу үшін, оны халықтың пайдалануына тыйым салу үшін республика бойынша анализ жасаймыз, – деді Юрий Ильин Үкіметте өткен брифингте.

ДереккөзZakon.kz