«Мәдениет және тұрмыс» журналының 1969 жылғы қарашасындағы санында Шәрбану Құмарованың «Әйелдер — қоғамның қуатты күші» атты мақаласы жарияланған. Онда автор сол кезеңдегі әйелдердің ролін ашып көрсеткен. Ол кездегі мемлекеттік саясаттың басты мақсаты демографияны жақсарту емес, өндірісті күшейтіп, тұрғындарды еңбекке барынша көбірек жұмылдыру болғаны анық байқалады. Сондықтан да автор әйелдер үшін бала тәрбиесінің екінші орында болмауын түсіндіріп, адамзаттың ұрпағын тәрбиелеу мен қоғам өмірінен, қызметтен қол үзбей, ерлік жасап жүрген аналардан үлгі алуға шақырады. Мақаланы қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

Мәдениет және тұрмыс журналы
Фото: Baribar.kz

Әйелдер — қоғамның қуатты күші

Статистика есебі бойынша елімізде әйелдер өндірісте істеушілердің 46% ал дәрігерлер одан да көбірек орын алады екені. Адамзат баласының тең жарымын құрайтын, әдеміліктің, нәзіктіктің, даналықтың символы боп саналатын әйелдер қоғамда аса үлкен роль атқарады. Біздің советтік елімізде әйелдерді шаруашылықтың әр саласына тартуда орасан зор істер істелінеді. Әйелдерді қазан-ошақтың қасында, күйбең тірліктің ортасында қалып қоймай қоғам істеріне араласуы үшін көптеген жеңілдіктер жасалады, әлі де нелер жасалынбақшы. Кейінгі кезде үй тіршілігіне тұрмыстық техника, тұрмыстық химия еніп әйел қауымын қаншалық ауыр бейнеттен арылтты. Ол үшін де, осының бәрін ойластырып, солардың қамын жеп жүрген адамдарға шексіз рахмет айта отырып, әйелдерге байланысты әлі де бірқатар нәрселердің шешілмей отырғанын айтпасқа амалымыз жоқ. Солардың бірі — әйелдердің қоғамға еркін араласып, сонымен қатар үй тіршілігіне, бала тәрбиелеуге де мүмкіндігін кеңейту. Үйде бала бағып қалып өндірістен қол үзген, ал жұмыс істеген күнде де өз бойындағы бар мүмкіндігін сарқа пайдалана алмай амалсыз тежеліп қалған адамдар қаншама. Әйелдердің қоғамның толық қанды мүшесі болуы үшін, олардың өмір ағысынан қалып қоймай, күнделік білімін көтеріп, жеке басының интеллектісін дамыта жүруі үшін түрліше жағдайдың керектігі бүгінгі күн тәртібіне шығып отыр. Кезінде, орталық газет-журналдарда бұл турасында мәселелер көтерілген-ді, тіпті «Литературная газета» биылғы жылдың бас кезіндегі номерлерінде семьядағы бала санының тым шектеліп кеткенін опына жазды. Өйткені, бұлай болуға себепкер де әйелдердің қоғам істерінен қол үзіп қалмайын деп, олардың адамзаттың ұрпағын дамыту сияқты өздеріне ғана жүктелген табиғаттың ұлы заңынан амалсыз шеттеп қалып отырғандығы. Сондықтан әйелдің әрі қоғамға еркінше араласуына, әрі семьяда қалағанынша бала өсіріп тәрбиелеуіне бізде нендей мүмкіндіктер болса — соны жан-жақты қарастыру керектігі жәйлі әрқилы ой-пікірлер, тұжырымдар айтылып жүр. Бұл заңды да.

тігінші совет әйелі
Рыскүл Егниязова. Совхоздың тігін мастерскойын басқарады. Облыстық Советтің депутаты.

Орал облысының бірер аудандарын аралағанда аса бір қуантатын жағдайлар көзге түсті. Ол әйелдердің алды — он, соңы — төрт-бес бала тәрбиелей отырып, қоғам жұмысынан қол үзбей, халқадарынша еңбек етіп жүргені.

Асыл Аманғалиева Қаратөбе совхозында мұғалім, 8 баланың анасы. Үй-ішінде сол балалардың бірде шуылын естімедік. Кісі келгенде қонақпен жағаласып, не ішіп, не қойған құрлы берекені алып, отырғандардың әптер-тәптерін шығарар олар емес. Қайта үлкендері анасына қолқанат боп, бірі ыдыс-аяқ жиысып, бірі кішкенелерін жұбатысып жүр. Соларын ешбір бұйрық, зекусіз өздері біліп істейді. Осыларды көріп, көкейге тоқи отырып, реті келгенде Асылмен тілдескенде, ол:

— Онсыз мен қалай жұмыс істеген болар ем. Осы балаларымның арқасы, қайта мамандығымнан қалып қоймай жұрт қатарлы еңбек етіп келе жатқаным, — деді.

Өзі 18 жылдан бері мұғалім, балалардың әкесі — Мерген Рахметов совхоздың порткомы, аса бір ақкөңіл, ашық жігіт. Бала тәрбиесіне ол да араласады…

Біздің жоғарыда айтқан жайларымыз жүрекке жылы, көңілге қуаныш болатын жағдайлар. Бір Орал облысының 2-3 ауданынан мұндай жақсы фактілерді көптеп кездестірдік. Үлгілі ана, өнегелі қызметкер, үй тіршілігіне де бесаспап жақсы әйелдерді көріп, көз мерейің қанады.

Ш. Құмарова 

Орал облысы Қаратөбе ауданы

Социалистік Қазақстан 1969 жыл
Фото: Baribar.kz

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1969 жылдың 2 ақпанындағы №27(13171) санында Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің «Зор күшті бағалай білейік» атты мақаласы жарияланған. Онда автор республикада астық өндірісін одан әрі арттыру басты міндет екенін ескертіп, ауыл-селолардағы қыз-келіншектерге механизаторлық мамандықты кеңінен үйрету мәселесін көтерген. Газет бетінде «Қыз-келіншектер, техниканы меңгеріңдер!» атты рубрикамен жарияланған материалда ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, жетістікке жеткен қыз-келіншек, аналарды тізбектеген. Министрлік өкілі осы салада әйелдерді жұмылдыру ісін күшейтуге үндейді.

Зор күшті бағалай білейік

совет шаруа әйелдер
Фото: Baribar.kz

Еліміздің халық шаруашылығында әйелдер қандай зор роль атқарып отырғаны баршаға мәлім. Бізде халыққа білім беру, денсаулық сақтау, байланыс, сауда, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету салаларын айтпағанның өзінде, жеңіл және тамақ өнеркәсібі орындарында, тіпті күрделі заводтар мен фабрикаларда көптеген әйелдер, жас қыз-келіншектер ерлермен қатар жемісті еңбек етіп келеді.

Ауыл шаруашылығының сан алуан өндірісіне қатысушы әйелдер қаншама десеңші! Товарлы-сүт, шошқа фермаларында жұмыс істейтіндердің көбі әйелдер. Егін орағы кезінде қырмандардағы астық тазарту, түсіруге байланысты істердің де көбін қыз-келіншектер атқарады.

КПСС Орталық Комитетінің 1968 жылғы октябрь Пленумы елімізде астық өндірісін одан әрі арттыруды ең басты міндет етіп қойды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің IX пленумында атап көрсетілгендей, бүгінгі таңдағы биік меже-республикамызда егіннің әр гектарынан алынар өнімді 10 центнерге дейін жеткізу арқылы мемлекетке астық тапсыру жөніндегі бесжылдық жоспарды төрт жылда толық орындап шығуда болып отыр.

Алайда мұндай көлемді іс өзінен-өзі бітпейтіні белгілі. Жергілікті партия, совет ұйымдары мен ауыл шаруашылығы органдары көздеген нысанаға жету үшін бірсыпыра ұйымдастыру жұмысын жүргізіп, ішкі мүмкіндіктердің  сарқа пайдалануын қамтамасыз етуге тиіс. Ал сондай мүмкіндіктердің бірі деп біз ауыл-селолардағы қыз-келіншектерге механизаторлық мамандықты кеңінен үйрету мәселесін айтқан болар едік.

Ауыл шаруашылығы техникасын ерттеп мініп, егіс даласында еселі еңбек ету әйелдер үшін соңғы іс емес. Ел басына күн туған сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан кейінгі уақыттары да трактор, комбайн айдап, автомашина жүргізіп, колхоз, совхоз өндірісін алға бастыру кезінде айтарлықтай үлес қосқан ер жүректі, жұмыр білекті талай-талай аналар болды. Әне, сол аналардың салған жолы, қалыптастырған берік дәстүрі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Республикамыздың егіс далаларында жазы-қысы жалықпай еңбек етіп, трактормен жер жыртып, шөп шауып, комбайнмен егін орып, автомашинамен астық тасып, ел ризығын молайтуға еселі үлес қосып жүрген және өз ісінің нағыз шебері атанған әйел жолдастар қазір де бар.

Семей облысындағы Абай ауданының еңбеккерлері «Бірлік» совхозының тракторисі Күлима Медеуованың есімін жақсы біледі. Күлима қажырлы еңбегімен ел құрметіне бөленген жастардың бірі. Ол трактор руліне алғаш 1953 жылы отырса, содан бері осы мамандығына әбден машықтанып, жерлестерін сүйсінтерлік талай іс тындырды. Тек былтырғы маусымда ғана жас механизатор «Т-40» тракторымен жұмсақ жерге шыққанда 529 гектор жер өңдеді.

Еңбегімен елге танылған мұндай механизатор қыз-келіншектерді, орта жастағы аналарды басқа облыстардан да жиі кездестіреміз…

Алайда бұл маңызды іс көптеген жерлерде әлі де кең құлаш жая қойған жоқ. Бірсыпыра аудандық ауыл шаруашылығы өндіріс басқармаларының, шаруашылықтар басшыларының кезінде жете көңіл бөлмей, жайбарақаттыққа жол беруінен механизаторлар даярлайтын курстарға қыз-келіншектер жеткілікті тартылмай қалды. Бұл кемшілік көп жерлерде механизатор кадрлары қатарын толықтырудың зор мүмкіндіктері әлі де толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Демек, бұдан туатын қорытынды біреу ғана. Жергілікті ауыл шаруашылық органдары қазіргі біткен іске місе тұтып отыра бермей, колхоз, совхоз механизаторлық курстарға кыз-келіншектерді әлі де болса көбірек тартудың шұғыл шараларын қарастырулары тиіс. Әйелдер ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен күш десек, олардың колхоз, совхоз өндірісінде қолданылатын осы заманғы барлық техниканы жете меңгеріп, елімізге егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін неғұрлым көп беру сияқты игі іске белсенділікпен атсалысуын қамтамасыз ететін болайық.

Н.Пузарь,

Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы
министрлігінің кадрлар жөніндегі
бас басқармасының бастығы