Өскеменде аспалы жаяу жүргіншілер көпірлерінің бірі құлап, сегіз адам зардап шекті. Оқиға 7 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында Карбышев көшесінде болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға кезінде көпір үстінде сегіз адам, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған жасөспірім болған.
Өскемен әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем бригадалары жеткен.
Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті. Ауыр жарақаттар тіркелмеген, тек жеңіл сырылу мен көгеру фактілері анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс жағдайға балалардың көпірді тербетіп ойнауы себеп болуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Әкімдік хабарлауынша, кәмелетке толмағандар конструкцияны шайқағандарын мойындаған, соның салдарынан көпір төсеміне зақым келген.
Қазіргі уақытта көпір келушілер үшін уақытша жабылды. Сонымен қатар биыл облыс әкімінің тапсырмасымен «Самал» саябағын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба аясында аспалы көпірдің конструкциясын күшейту және толық жаңарту жұмыстары қарастырылған. Қауіпсіздік мақсатында жөндеу аяқталғанға дейін нысан аумағына кіруге шектеу қойылады, — делінген хабарламада.
