«Социалистік Қазақстан»

№37 (16212), 1979 жылдың 13 ақпаны, сейсенбі

Социалистік Қазақстан газеті
Фото: «Азаттық»радиосы

«КПСС Орталық комитеті мен СССР министрлер советінде»

КПСС Орталық комитеті мен СССР министрлер советі «Құрылыста білікті кадрлар даярлау және оларды тұрақтандыру ісін одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда соңғы жылдар ішінде құрылыстың техникалық дәрежесін арттыру, оның материалдық-техникалық базасын нығайту, ірі құрылыс және монтаж ұйымдарының жүйесін құру және білікті құрылысшы жұмысшылар даярлау жөнінде едәуір жұмыстар атқарылғандығы атап өтілген. Жұмысшылардың еңбегін ұйымдастыру және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөнінде бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Сонымен бірге КПСС ХХV съезінің күрделі құрылыс саласында  алға қойған мақсаттарды шешу, күрделі қаржының өскелең көлемі, салынып жатқан объектілердің сан алуандығы және техникалық жағынан күрделілігі құрылыста білікті кадрлар даярлап, оларды бекіту ісін жақсартуды талап етеді. Қабылданған қаулыда КПСС Орталық Комитеті мен СССР-дің құрылыс жүргізетін министрліктері мен ведомстволарына, одақтас республикалардың Министрлер Советтеріне, партия, совет, кәсіподақ және комсомол ұйымдарына құрылысты жоғары білікті тұрақты кадрлармен қамтамасыз етіп отыруды, оларды кәсіптік даярлықтан өткізу жүйесін жетілдіруді, еңбектің озық тәсілдерін бригадалық-мердігерлік әдісті және еңбек өнімділігі мен қызметкерлердің жалақысын арттыруға игі ықпал ететін еңбекақы төлеудің прогерсті формаларын енгізуді, құрылыс жұмыстарының сапасын жақсартып, күрделі құрылыс жоспарларын орындауды өздерінің аса маңызды міндеттері деп қарауды ұсынды…

«Лениншіл жас»

Лениншіл жас
Фото: Stargazeta.ru

№30 (9567), 1979 жылдың 13 ақпаны, сейсенбі

«Шынайы шыңдалу мектебі»

Қоғамымызда жастардың, жас жұмысшылардың алатын орны ерекше. Олар бесжылдық жоспарларын толық және асыра орындау, өндіріс тиімділігін арттырып, жұмыс сапасын жақсарту жолында еңбек етуде. КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдас республика комсомолының XIV съезінде былай деген еді: «Бұл күндерде комсомолецтердің, біздің жігіттеріміз бен қыздарымыздың күш жігері мен творчествосы қолданылмайтын экономиканың, ғылым мен мәдениеттің бірде-бір учаскесін табудың өзі қиын». Иә, бүгінгі жастар жаңалықтың белсенді жаршылары. Олар Лениндік есеп барысында да үлгілі еңбектерімен танылуда. Ал осынау байқаудың негізгі мақсаты қыз-жігіттеріміздің саяси-идеялық көзқарасын қалыптастырып, оларға еңбек және адамгершілік тәрбиесін беру болып табылады. Лениндік есепке қатысу Алматы өндірістік мебель бірлестігінің комсомол-жастары арасында кең өріс алды. Қоғамдық-саяси аттестация қарсаңында комсомол комитеті аттестациялық комиссияның құрамын, іс жоспарын бекітіп, жастарға аттестация талаптарын түсіндірді. Фабрика бойынша сегіз цехта 162 комсомол мүшесі бар. Асхана мебельдерін жасау цехының жастары арасында өткен аттестацияға қатысуға беттедік. …Бөлме ішінде «Ленинше өмір сүріп, Ленинше еңбек етейік!», «КПСС XXV съезі шешімдерін жүзеге асырайық!» деген ұрандар, еңбек көрсеткіштері жайлы таблицалар, плакаттар ілінген. Жиналғандар аттестацияға қанша дайындықпен келгенімен де іштей қобалжуда. Өйткені олар бұл байқаудың коллектив, ұстаз алдында ғана емес Ленин комсомолы, Отан алдындағы сын екенін түсінді. Комиссия мүшелері олармен жеке-жеке әңгімелесуде. Комиссия құрамында цехтық партия ұйымының секретары Х. Ахметов, цех комитетінің прецедателі Г. Игнатова, цех бастығы А. Пурик, фабрика комсомол комитетінің мүшесі, цех комсоргі Г. Голченко бар. Виктор Земеннің «Коммунизмді үйренеміз, коммунизмді құрамыз!» атты комплексті жоспарынан үзінді: «КПСС XXV съезінің шешімдерін жүзеге асыру барысында қосар үлесім мол болары сөзсіз. Өнімнің әр кез сапалы болып, еңбек өнімділігінің арта түсуіне, қоғам жұмыстарына белсене араласып, ұлы көсеміміздің 110 жылдық мерекесін жоғары еңбек көрсеткіштерімен қарсы алмақпын»… Ұзаққа созылған қоғамдық-саяси аттестация аяқталды. Аттестациялық комиссия мүшелеріне есепке қатысушылардың өз жауапкершіліктерін толық түсініп, байқауға жан-жақты дайындықпен келгендеріне ризалығын білдірді.

С. Жантурина, Алматы қаласы

«Мәдениет және тұрмыс»

№2 (248), 1979 жылдың ақпаны

Мәдениет және тұрмыс журналы
Фото: Nukte.kz

«Мәдениет мекемелерінің міндеті»

Партияның XXV съезінде жасаған есептік баяндамасында, сол сияқты өзінің «Тың» атты естелігінде Леонид Ильич Брежнев жолдас атап көрсеткендей, еліміздегі коммунистік құрылыста, әсіресе, совет халқының әл-ауқатын жақсартып, бүкіл Одақ көлемінде қала тұрғындары мен ауыл азаматтарының өмір сүру дәрежесі теңдесіп, ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы айырмашылықтар жойылып келе жатқан жағдайда мәдени мекемелердің халыққа көрсететін қызметін жақсартудың маңызы аса зор. Біз қазір, Маркс айтқандай байлықтың мөлшері жұмыс мезгілімен ғана есептелмей, қоғам мүшелеріне өздерінің білімін көтеруге, ғылыммен, әдебиетпен, өнермен айналысуға, дене шынықтырумен шұғылдануға, олардың рухани байлықтар жасауға қатысуына мүмкіндік беретін бос уақытпен де өлшенетін дәуірге жақындап келеміз. Коммунистік партия мен Совет үкіметі клубтарды, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, парктер мен музейлерді идеологиялық мекемелер, халыққа коммунистік тәрбие беретін орталықтар деп қарап, олардың желісін дамытуға, материалдық-техникалық базасын жақсартуға үнемі қамқорлық жасап келеді. Мәдени мекемелер желісі қазір Қазақстанның барлық облыстарын, қалалары мен аудандарын қамтиды. Бізде 8 мыңнан астам клубтар мен мәдениет үйлері, 19 мың кітапхана еңбекшілерге қызмет етеді. Партия кәсіподақ, комсомол ұйымдарының, халық депутаттар Советтерінің қадағалаушы КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдастың сөзімен айтқанда «Қазақстан бірден бір оқырмандар республикасына айналып, отыр». Қазір оның халқының 65 проценті кітапхана қызметін пайдаланады. Дегенмен біз әлі де болса барлық елді мекендерде клуб және кітапхана мекемелер дұрыс орналастырылған деп айта алмаймыз. Тіптен әрқайсысында үш жүзден астам адамдар тұратын 434 елді мекендерде клуб мекемелері мүлдем жоқ. Мұндай ауыл-селолар әсіресе, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай, Жамбыл, Гурьев, Павлодар облыстарында көптеп кездеседі. Өкінішке орай, КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің «Село халқына мәдени қызмет көрсетуді одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы»  қаулысына сәйкес барлық аудандарда дерлік әрбір клубтың, кітапхананың жағдайы жете тексерілмегендіктен, бүгін қай жерде клуб салынады, қайсысына қосымша үй тұрғызылады, қай колхоздың клубы қашан мемлекеттік желіге беріледі деген сұрақтарға жауап беру қиын. Сондықтан облыстың мәдениет басқармалы мәдени мекемелерді ауыл-селолық жерлерде дұрыс орналастыру, олардың материалдық-техникалық базасын, ал осының негізінде жұмысын жақсарту шараларын қарастырғаны жөн. Мәселенің бұл жағына баса назар аударудың тағы бір себебі — клуб мекемелеріне  методикалық басшылық етуге тиісті 227 аудандық мәдениет үйлерінің 28-інің өзіне тиісті үйі жоқ. Ал 9 мәдениет үйі (бұлар Шымкент, Көкшетау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Семей және Орал облыстарында) құлауға жақын. Оның үстіне республикадағы 2042 селолық советтердің тек 350-інде ғана мәдениет үйлері бар. Осылай бола тұрса да көптеген аудандарда әлеуметтік-мәдени құрылыстарға жеткілікті мән беріле бермейді. Мәселен, Гурьев облысы Балықшы поселкісіндегі мәдениет үйін жергілікті органдар төрт жылдан бері әрең дегенде іске қосты. Ал, 1977 жылдың екінші тоқсанында салынып бітуге тиісті Талдықорған облысының Үшарал селосындағы, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласындағы мәдениет үйлерінің құрылысы қашан аяқталатындығы белгісіз. Әдетте бұларда 4-5 адамнан артық жұмыс істемейді, құрылыс графигі деген болмайды, олар тиісті құрылыс материалдарымен де қамтамасыз етілмейді. Қазір республикада клубтарды орналастыруға дайындық жүргізілуде. Алғашқы мәдени комплекстерде пайда бола бастады. Ал, ортақтасқан клуб жүйелерінің, сол сияқты мәдени комплекстердің бас мекемелері болуға тиісті аудандық, селолық мәдениет үйлерінің (олар басқа типтегі клубтардың барлығына методикалық жәрдем көрсетуге міндетті) материалдық-техникалық базасын жақсартып, оларды тиісті мамандармен қамтамасыз ету керек. Қазақстан жағдайында мәдени мекемелер қызмет көрсететін елді мекендердің шалғайлығы мен халқының аздығын да ескермеуге болмайды. Мәселен, республиканың он мыңнан астам ауыл-селоларында 15-20 немесе 50-60 адамнан ғана тұрады. Ал мұндай жағдайда кітапхана немесе клуб салуға мүмкіндік жоқ, олардың мәдени жағынан автоклубтар, қызыл отаулар, көшпелі кітапханалар мен кітап беру пункттері қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан да әртүрлі мекемелерге бағынатын автоклубтарды, жылжымалы кино, кітапхана, автомузейлерді, тағы да басқа жылжымалы қызмет мүмкіншіліктерін бір орталыққа бағындырудың қажеттігін өмір талап етіп отыр. Халыққа мәдени қызмет көрсетуде мәдениет және демалыс парктерінің алатын орны ерекше бола тұра оларға жергілікті советтер тарапынан жөнді көңіл бөлінбей келеді. Оған осы уақытқа дейін 200-ден астам аудан орталықтарында, бірде бір совхозында не колхозда демалыс парктерінің ұйымдастырылмағандығы нақты дәлел. В.И.Ленин мәдени революцияның табысты болуын кітап ісімен, оның елге таратылуымен, кітапхана жұмысының дәрежесімен тікелей байланысты деп көрсеткен болатын. Ұлыс көсеміміз өсиетін басшылыққа ала отырып, КПСС Орталық Комитетінің 1978 жылғы июль пленумында ауыл шаруашылығының келешегі тек қана өндіріс ұйымдастыруға, оның қарқынын дамытуға немесе совхоздар мен колхоздардың материалдық-техникалық базасын, оларға басшылықты жақсартуға ғана байланысты емес, ауыл-село еңбеккерлерінің арасындағы жаңа қатынастарды қалыптастыруға, жаңа өмір құруға, жаңа психологияны дамытуға да байланысты екендігі жайлы сөз болды. Қазақстан ауыл шаруашылығындағы басты тұлға — көпшілігінің орта білімі, жоғары квалификациясы бар, қосымша мамандықтарды игерген бесаспап механизаторлар. Соңғы кезде жедел қарқынмен мал шаруашылығы комплекстерін де, шаруашылықаралық бірлестіктерде, шарап совхоз-заводтарында қызмет ететін өндіріс жұмыскерлерінің де саны көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығында жаңа еңбеккердің қалыптасуы — республика партия ұйымының тікелей басшылығымен жүргізіліп келе жатқан ауыл-селоны әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға, ондағы еңбек пен тұрмыс дәрежесін қаладағыдай жағдайға жеткізуге бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Сондықтан да мәдени мекемелер, әсіресе, көпшілік кітапханалары, ауыл еңбеккерлерін тәрбиелеуге, қажетті мамандықтар саласында оқып, білімін жетілдіруіне көмектесе отырып, село тұрғындарының интеллектуалдық дәрежесін арттыруға ат салысуы керек. Бұған бізде толық мүмкіншіліктер бар. Тек ауылдық жерлердің өзінде 7342 кітапхана, оның 6535-і Мәдениет министрлігінің жүйесінде жұмыс істейді. Бұл — әрбір 900 адамға бір кітапханадан келеді деген сөз. Оның үстіне село еңбеккерлеріне 9 мыңға жуық жылжымалы кітапхана, жүздеген кітап беру пункттері қызмет етеді. Ауыл-село кітапханаларының қоры да жыл сайын молайып келеді. Тек өткен жылы ғана олардағы оқырмандар саны 130 мыңға көбейді, ал қоғамдық-саяси кітаптарды оқитындардың саны екі есе өсті. Озат тәжірибе мен тиімді тәсілдерді пайдаланған кітапхана қызметкерлері Маркс-Ленин ілімін, КПСС XXV съезінің материалдарын, партия жайындағы, оның революциялық, жауынгерлік және еңбек дәстүрлері туралы, СССР Конституциясына, коммунистік құрылыс пен советтік өмір салтына байланысты әдебиеттерді кеңінен насихаттауда. Олар, әсіресе, соңғы кезде Л. И. Брежнев жолдастың «Тың» атты естелігін, оның аса терең саяси қоғамдық және тәрбиелік маңызын уағыздап, кітап көрмелерін, оқырман қауымның конференцияларын, тың игерудің ардагерлерімен кездесулер өткізуде. Мұның өзі оқырмандарға тікелей байланысты, оларды туған өлкемен және оның белгілі адамдармен таныстыратын, кітапхана жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін жағдай… Қорыта келгенде, бүгін мәдени мекемелердің алдында өмір талаптарына сай күрделі де жауапты міндеттер тұр. Олардың КПСС XXV съезі шешімдеріне сәйкес ауыл-село мәдениетін дамытуда алатын орны айрықша. Олай болса, мәдени мекемелердің қызмет мазмұнын жақсарту, оның сапасы мен тиімділігін арттыру үшін жұмыс көрсеткіштерін клубтағы, мәдениет үйіндегі әрбір орынға, әрбір қызметкерге, кітапхана қорының пайдалану дәрежесіне, оқырмандар санына және кітап айналымына шағып бағалауды қамтамасыз ету керек.

Өзбекәлі Жәнібеков, Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары