Қазақстанның Factcheck.kz фактчек ресурсы «Хабар 24» телеарнасынан берілген ақпараттың жалған екенін анықтады.
Мемлекеттік телеарна эфирінен «Қазақстан мүгедектерді сырттай куәландыруға көшуге дайындалып жатыр… Қазақстанда ерекше күтімді қажет ететін 25 мың адам тұрады» («В Казахстане готовятся к переходу на заочное освидетельствование инвалидов… Между тем, в Казахстане проживают 25 тысяч людей с особыми потребностями») деген ақпарат берген.
Қазақстанның фактчекерлері бұл цифрдың шындыққа қаншалықты жанасатынын тексерді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 670 мыңнан астам адам тіркелген. Демек, телеарна эфирінен хабарланған көрсеткіш ресми мәліметтен 26 есе аз.
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны туралы ресми мәлімет — 670 мыңнан астам деген цифр ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректерімен де расталып отыр.
Фактчекерлердің топшылауынша, телеарна журналистері мүгедектердің Астана бойынша санын республика бойынша көрсеткішпен шатастырып алуы мүмкін. Мүгедектердің орталықтандырылған деректер базасының мәліметінше, Астанада мүгедектігі бар 24 148 адам тұрады.
«Хабар 24» телеарнасының YouTube желісіне орналастырған бұл репортажының видеосы қазір өшіріліп тұр.