Қалмұханбет Қасымов Ішкі істер министрі қызметінен босатылып, Президенттің көмекшісі атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл туралы жарлығы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қызметінен босатылсын, — делінген жарлықта.
Қалмұханбет Қасымовтың орнына Ерлан Тұрғымбаев министр болып тағайындалды.
Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалсын, — делінген Президенттің жарлығында.
Мемлекет басшысының өкімімен Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен Исатай Сартаев та басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры қызметінен босатылды. Оның орнына Ғабит Байжанов тағайындалды.
Ғабит Жақыпбайұлы Байжанов Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылсын, — делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығында.