«Қара майор» Борис Керімбаев қайтыс болды

Ауған соғысына қатысушы, арнайы мақсаттағы 177-жасақтың «Қара майор» атанып кеткен командирі, Қазақстан Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев қайтыс болды. Ақпаратты «Боевое братство» ардагерлер одағының басшысы Сергей Пашевич растады.

«Қара майор» 12 ақпан күні сағат 08.50-де өмірден өткен. Бір күн бұрын ҚР Қорғаныс министрлігінің клиникалық госпиталінде жатқан Борис Керімбаевқа Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кіріп шыққан еді. Ведомство басшысы «Қара майорға» әскери барлау қызметіне сіңірген еңбегі үшін «Алтын үкі» төсбелгісін, алғысхат пен сыйлық табыс етті.

Борис Керімбаев 1948 жылдың 12 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданының Прудки елді мекенінде дүниеге келген. 1966 жылы мектепті бітіргеннен кейін Ленин атындағы Ташкент жоғары командалық училищесінде білім алды. 1970 жылы Германиядағы кеңес әскерилері тобына қызметке жіберілді.

«Қара майор» Ауғанстандағы соғыста кеңес әскері мен дала командирі Ахмад Шах Масуд арасындағы қақтығыста шешуші роль атқарды. Екінші мұсылман батальонының командиріне осы кезде «Қара майор» лақап аты таңылды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының Бас барлау басқармасының арнайы мақсаттағы жеке 177-жасағы Қапшағайдағы Орта Азия әскери округінің арнайы мақсаттағы жеке 22-бригадасының базасында құрылды.

177-жасақ барлау қызметін, тосқауыл операцияларын және әскери қақтығыстарды іске асырды. 1982 жылдың мамыр айында жасақ Ауғанстанның Панджшер шатқалында Ахмад Шах Масуд құрылымдарына бір жылдай уақыт тойтарыс берді. Борис Керімбаевтың жасағы кеңес әскерінің Ауғанстандағы қақтығыстарда сарбаздарынан мейлінше аз айырылған құрылымы саналады.

ДереккөзTengrinews.kz