«Менің атым Қожа»

«Менің атым Қожа» — 1963 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген балалар көркем фильмі. Қожаның ролінде актер Нұрлан Сегізбаев ойнайды. Актер 1951 жылы 28 қазанда дүниеге келген. Ол оқыған мектеп ескі киностудияға қарама-қарсы орналасқан. Осы кезде фильмнің екінші режиссеры Тұрар Дүйсебаев пен оператор Михаил Аранышев киностудия маңындағы дәмханаға бара жатып, 5-сынып оқушысы Нұрланды қыздарды қуып келе жатқан жерінен ұстайды. Олар баланы бірден басты рольге алады. Осылайша ол біраз жыл өтсе де, көрермен көруден жалықпайтын фильмнің басты кейіпкеріне айналды.

Кинодраматург Нұрлан Сегізбаев — философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бүгінде ол «Қазақфильм» киностудиясының «Игровые фильмы» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің редакторы.

Фильм 1967 жылы Францияда өткен Канн фестивалінде ынталандыру дипломмен марапатталған.

Нұрлан Сегізбаев
Нұрлан Сегізбаев.

«Алпамыс мектепке барады»

«Алпамыс мектепке барады» – 1978 жылы шыққан балалар көркем фильмі. Бұл фильмнің де режиссеры — Абдолла Қарсақбаев. Алпамыс ролінде Ермек Төлепбаев ойнаған. Ол кезде актер алты жасқа да толмаған екен. Бала Ермек содан сәл ғана бұрын Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль»  фильміне түскен. Сонымен қатар ол «Алатаудың күміс мүйізі», «Әнші аралдың құпиясы», «Өтелмеген парыз» фильмдерінде де ойнаған.

Ермек Төлепбаев 1970 жылы 1 қарашада Алматыда дүниеге келген. Халық шаруашылығы институтын, кейін Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Iqap.kz онлайн-журналының мәліметінше, Ермек Төлепбаев біраз жыл Д.Қонаев атындағы университетте және Экономика академиясында оқытушы болып, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысты. Ол тек 13 жасына дейін фильмдерге түсті.

Фильм 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алады.

«Дұшпан, тоғызыншы ұлыңнан қорық!»

«Дұшпан, тоғызыншы ұлыңнан қорық!» — қазақ халық ертегілерінің желісімен түсірілген көркем фильм. Фильмнің режиссерлары — Виктор Пусурманов және Виктор Чугунов. Туынды 1984 жылы көрерменге ұсынылды. Сюжет бойынша жылқышы Ержан мен оның сегіз ұлын зұлым Тасбол сиқырлап тастайды. Ержанның тоғызыншы ұлы Еркенже көмекке асығып, жолындағы бар қиындықты музыканың арқасында жеңеді.

Басты кейіпкер Еркенженің ролінде Қайрат Нұрқаділов ойнайды. Бұл — оның алғашқы әрі әзірше жалғыз ролі. Ол кезде актер 16 жаста болған. Бала Қайратты аулада бір топ баламен әңгіме айтып тұрған кезінде режиссердың ассистенті байқап, кастингке шақырған. Актер бала кезінен құрылысшы болуды армандайды, сол себепті ол актерлық жолды таңдамады. Қайрат Нұрқаділов Алматы әкімдігінің тұрғын үй құрылысына қатысты ведомстволарында қызмет етті.

Фильм Тегеранда өткен ФАДЖР кинофестивалінде құрмет грамотасымен марапатталған.

Қайрат Нұрқаділов
Қайрат Нұрқаділов.

«Балкон»

«Балкон» — Олжас Сүлейменов поэмасының желісімен 1988 жылы түсірілген фильм. Картина 1950 жылдардағы Алматының өмірін суреттейді. Басты кейіпкер — жоғары сынып оқушысы Айдар Сұлтанов. Айдардың ролінде Исмаил Ығылманов ойнайды. Актер фильмге түскенде 17 жаста болған. Ол сол кезде картинаның не жөнінде екенін түсінбегенін айтты.

Менің ешқандай актерлық білімім жоқ. Мен Политехникалық институтқа оқуға түскенімді айтайын деп телефон будкасына кіріп, анама қоңырау шалдым. Сол кезде фильмнің екінші режиссеры Галина Андреевна мені көріп, түсірілімге шақырды, — деді Исмаил Ығылманов  жуырда «Балконның» 30 жылдығына арналған шарада.

Исмаил Ығылманов «Балконнан» кейін ол ешқандай фильмге түспеген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын экономика және менеджмент мамандығы бойынша тәмамдады. Республикалық ақпарат құралдарында басшылық қызметте болды. Ірі жобалардың продюсері.

Исмаил Ығылманов
Исмаил Ығылманов

«Көксерек»

Көксерек — 1973 жылы Мұхтар Әуезов шығармасының желісімен түсірілген көркем фильм. Режиссеры — Толомуш Өкеев. Фильм 1974 Швейцарияда өткен халықаралық кинофестивальде қазылардың арнайы марапатымен, Бакуде өткен Бүкілодақтық VII кинофестивальдің бірінші жүлдесімен марапатталған. Бас кейіпкер Құрмаш бөлтірік асырап, оған «Көксерек» деп ат қояды. Көксерек есейген соң ауылдың маңына келген өз қандастары — қасқырлардың иісін сезіп, солармен бірге кетеді.

Құрмаш ролінде Қамбар Уәлиев ойнады. Ол 1962 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қамбар Уәлиев «Шоқ пен шер», «Ән пәнiнен төрт», «Құрманғазы», «Шаңырақ» фильмдерінде де басты рольде ойнаған. Мектеп бітірген соң актер кино саласына бет бұрып, Мәскеуге оқуға аттанғысы келеді. Бірақ Мәскеудегі оқуға бірден қабылданбайтынын біліп, инженер-механик мамандығын таңдайды.

Қамбар Уәлиев 2012 жылы дүниеден өтті. Өмірінің соңына дейін кино саласының өкілдерімен шығармашылық байланыста болды.

Қамбар Уәлиев
Қамбар Уәлиев. Коллаж: Baribar.kz

Материалда ашық дереккөз мәліметтері пайдаланылды. 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!