ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында 2018 жылды қорытындылап, 2019 жылға қойылатын міндеттерді атады.
Ол 2018 жылы отын-энергетика кешенінің әр саласы бойынша көрсеткіштер толық орындалып, рекордтық нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.
Мұнай өндіру еліміздің тарихында болмаған 90 миллион 360 мың тонна көлеміне жетті. Бұл 2017 жылға қарағанда 4,8%-ға артық. Қашаған (13,2 миллион тонна), Теңіз (28,6 миллион тонна) және Қарашығанақ (12,2 миллион тонна) кен орындарында мұнай өндірудің артуына байланысты жоғары көрсеткішке жетіп отырмыз, — деді министр.
Оның айтуынша, биыл елімізде 89 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Бұл ретте ескі сатыдағы кен орындарының өндіру көлемі табиғи құлдырауымен байланысты болып отыр. Әсіресе, Қызылорда облысындағы Құмкөл тобында 2019 жылға жоспарланатын өндіру көлемі 1 миллион тоннаға төмендеген.
Мұнай өндірудің табиғи төмендеуін тоқтату мүмкін емес. Дегенмен төмен қарқынды өндіру көлемін бір қалыпта ұстап тұру үшін тиісті шаралар жасалып жатыр, — деді Қанат Бозымбаев.