«Болашақ» халықаралық стипендиясына тағы 71 үміткер ие болды

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында 71 үміткерге  магистратура мен докторантурада оқуға және шетелдің ғылыми-өндірістік мекемелерінде тағылымдамадан өтуге «Болашақ» стипендиясы тағайындалғаны белгілі болды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия отырысында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы Білім және ғылым министрлігінің есебі тыңдалды, сонымен бірге «Болашақ» стипендиясының жүзеге асырылуына қатысты бірқатар мәселе қаралды.

«Болашақ» стипендиясы — Мемлекет басшысы ауқымды жаңа жобаларды іске асырудың бірегей тетігі ретінде айқындап берген басым бағыттардың бірі, — деді Мемлекеттік хатшы.

Комиссияның шешімімен 2019 жылға арналған басым мамандықтардың тізбесі бекітілді. Құжатта 155 мамандық қамтылған. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтетіндердің санаты анықталды. 2019 жылға 555 стипендия бекітілді.

Стипендия магистратура мен докторантурада оқуға және әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жолданатын 71 үміткерге тағайындалды.

Жиын қорытындысы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова халықаралық стипендияны жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Болашақ» стипендиясына ие болған 71 үміткердің тізімін жария етті.