— Диас, шетелдегі жоғары оқу орнына қалай түстіңіз? АҚШ-тың білім жүйесін таңдауыңызға не себеп?
— Мектепті жақсы оқып шықтым. Үздіктердің қатарында болғаныммен ағылшын тілі бойынша деңгейім төмен еді. Ата-анам талабымды байқап, қазақ-түрік колледжіне оқуға жіберді. Бұл оқу орнында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Тараздағы қазақ-түрік колледжінен елге белгілі азаматтар түлеп ұшқан. Сол биікке жеткен азаматтардан алған мотивацияның әсерінен болар, шетелде оқуға бел будым. Біз бітірген уақытта 26 баланың 12-сі сырт елдің оқу жүйесінде білім алуды жөн көрді. Солардың қатарында мен де болып, халықаралық TOEFL сынағынан 543 ұпай жинадым. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша талап 400-ден жоғары болуы керек. Ұпайым жеткілікті болғаннан кейін көп ізденіп, құжаттарды әзірлеп, тілді толық меңгеруге күш салдық. Америкадан көшбасшы болып оралған аға буын өкілдеріне қарап, ойлана келе осы елді таңдадым. Ең алғаш рет шетелге аттанып, тіл курсын оқуға Аризона штатының астанасы Финикске келдік. Талап бойынша тілді меңгеруге 1,5 жыл уақыт беріледі. Мен оны жарты жылда аяқтап, Индиана штатындағы Пёрдью университетіне жолдама алдым.
— Шетелде білім алғысы келетін Қазақстан жастары нендей жағдайларды ескеруі керек?
— АҚШ-та 5 жыл тұрып келсем де, сол ел туралы толыққанды білдім деп айта алмаспын. Алайда енді ғана шетел көруге талпынған жастарға мына мәселелерді айтар едім. Көп адам өзге елде оқуға қызды-қыздымен құжат тапсырады. Түскеннен кейін оқу бағдарламасымен танысып, ішкі талапқа енген соң қиындықтарға мойынсұнбайды. Себебі шетелде біздегідей жүрдім-бардым жүйе жоқ, ерке баланың сценарийі жүрмейді. Бұл ерекше күш-қайрат, ерік-жігерді қажет етеді. Өзім алғаш оқыған жылдары бір пәнге қажет тапсырма үшін кітапханада 4-5 сағатымды арнайтынмын. Кейде қонып та қалатын уақыттар аз болмады. Себебі Америкада сабақ беретін ұстаздар сіздің қай жақтан келгеніңізді, бұрынғы базалық біліміңіздің бар-жоғына қарамайды. Талап бәріне бірдей, яғни өреңіз әлемдік стандарттарды қабылдауға дайын болуы шарт. Ал ол күні-түні оқумен келеді. Бұған қоса, өмірлік қағида, яғни шыдам мен өжеттік те керек. Себебі талаптың тым жоғарылығына шыдамай оқудан қол үзіп қалғандар болды. Тағы бір ескерері, батыс елдерінде заң қатаң. Тәртіп орнымен жүреді. Бәрі де заң алдына иіледі. Сондықтан біздегідей тамыр-таныстық жүрмейді.
— «Ауылдан шыққан немесе еліміздің оңтүстігінен шыққан жастар шетелде көбірек қиналады» деген пікірді құлақ естіп жүр…
— Мұндай жағдайдың бар екені рас. Бірақ бұл түбегейлі дұрыс деген сөз емес. Меніңше, адамның ауылда не қазақы отбасында өскені тілді меңгеруге тосқауыл бола алмайды. Ол адамның өзіне байланысты. Бір ғана мысал айтайын, менімен бірге жетісайлық жігіт шетелде оқуды қалады. Шынын айтсам, ол әуелі орыс тілін меңгерді, кейін ағылшын тілін ептеп үйренді. Ол маған қарағанда екі есе қиналды. Сабаққа екі есе шұқынумен болды. Алайда емтихан барысында бізді шаң қаптырып кеткен жайы бар, яғни адамның ерік-жігері толық бір мақсатты орындауға жетелеуі керек. Қазір сол жігіт Астанадағы жоғары лауазымда жұмыс істеп жатыр. «Оқи алмаймын» деген шектеу санада ғана қалыптасады.
— «Болашақ» арқылы оқуға түскендердің бірқатары стипендияны жеткізу қиын екенін айтады. Шетелде қаржы тапшылығы мәселесін қалай шешкен дұрыс?
— Бұл пікірмен келіспес едім. Себебі «Болашақ» бағдарламасының кереметтігі сонда, ол бойынша оқуға бел буған азаматтарға қажет қаражатты толық өтеледі. Әр ақшаның өз есебі бар. Стипендияға бөлінген қаржыны жеткізе алмау адамның ысырапшылдығы мен үнемшілдігіне келіп тіреледі. Ай сайынғы жатын орын, азық-түлік, жол шығындары бәрін де есепке алу маңызды. Әрине, ақша тапқысы келгендер қосымша жұмыс та істей алады. Сол себепті аса бір проблема деу қисынға келмейді.
— Әлем елдерінде оқуға талпынатындар қай елді таңдарын білмей қиналады. Қай мемлекеттің білім жүйесі жоғары бағаланады?
— Мынадай елдің білім беру жүйесі мына елге қарағанда төмен деп топшылауға болмас. Себебі анализ жүргізген емеспін. Десе де, Америка мен Ұлыбританияның білім жүйесін саралауға болады. Сөзсіз, АҚШ-тың білімі мойындалады. Жаһандық рейтингтегі үздік 10 университеттің тең жартысы Құрама Штаттардағы білім ордалары екені ақиқат. АҚШ-та зерттеу бағыты мықтап қолға алынған. Лабораториялардың жабдықталуы, оқытылу жүйесі, кітапханалардың байлығы жағынан студенттерге қолайлы. Ал Ұлыбританияда күнделікті сабаққа қатысу міндетті емес. Бірақ ай соңында емтиханнан жоғары ұпай алу маңызды. Бұл тәртіпке ден қоя алмайтын жастар үшін қиындық туғызады.
Білім алу бөлек, оны өмірде қолдану бір бөлек. Шынын айтқанда, біздің елде жастардың көбі тек диплом үшін оқиды. Ал Америкада адам қағаз үшін емес, қабілетін шыңдау үшін оқуға түседі. Қарым-қабілетін ашу үшін өзіне керек пәндерге таңдау жасайды. Кредит технологиясы деген осыдан шыққан. Ал біздегі жоғары оқу орындары конвейерлі білім беретін сияқты. Студент диплом алуды ғана көздеп, «әйтеуір бір мамандық алып шықсам болды» деп жатады. Бұдан кейін қабілетті маман шықпайды. Жұмыс беруші қолынан іс келмейтін маманды алмайды.
— Демек, еліміздегі білім беру саясатына өзгеріс керек пе?
— Жоғары оқу орындарында ғана емес, орта білім беру жүйесіне де өзгеріс қажет. Біз мектептегі балаға ақпаратты тым көп беріп, қажетті-қажетсіз білімді тықпалағандай боламыз. Бұл — басты проблема. Балаға фантастикалық кітаптарды оқытып, армандауды, қиялдауды, еркін ойлай алуды дамытуымыз қажет. Белгілі бір шеңберден шыға алмайтын жастар келешекте жұмыс күші ретінде ғана қалып қоя береді. Біздің мектептерде диктаторлық жүйе орнығып алған. Еркіндік өте аз. Сондықтан балалар жасық келеді. Осының салдарынан көшбасшылық қабілеттерді шектейміз. Бар ойы — үй тапсырмасын орындап, сабақты «4» пен «5-ке» бітіру ғана. Содан барып балалардың өмірге бейімділігі төмендей береді.
— Сіз оқыған университетте кәсіби білім берудің практикалық жолдары қандай болды?
— Бізге коммуникациялық қабілеттер өте жақсы деңгейде үйретілді, яғни елмен араласу, көшбасшылық қасиетті бойға дарыту жолға қойылған. Америка университеттері Leadership, яғни тұлғалық қасиеттерді меңгеруді шарт санайды. Сондықтан америкалықтар үшін көшбасшы ғана керек. Себебі америкалықтар адамдармен сөйлесуге өте ашық. Мүмкіндіктерді көре біледі. Уақытылы жұмыс істеудің жолын түсінеді.
Мен оқыған Пёрдью университетімен келісімге келген компаниялар жұмыс беруші ретінде жыл сайын жәрмеңке ұйымдастырады. Ол жәрмеңкеде түйіндемеңізді беріп, сұхбаттасудан өтесіз. Бірақ оған дейін университет ішінен арнайы мекемелер тегін сабақ беріп, бойыңыздағы қабілеттеріңізді жетілдіруге жәрдемдеседі. Осы көшбасшылық, өзіңді бірінші санау, өзгелермен тең дәрежеде сөйлесу әдісі маған Қазақстанға келгенде көп көмегін тигізді. Дәл осы қасиеттердің арқасында Қазақстандағы мықты компанияға шақырту алдым.
— Бүгінде «қазақ жастары шетелге үдере көшіп жатыр» дегенді көп еститін болдық. Бұл -ненің әсері?
— Оның тамырын жаһанданудан іздеген дұрысырақ. Заманауи медианың дамуы жастардың қалаған елде білім алуына жол ашып отыр. Елден кетіп жатқандарды сатқын дей алмаймын. Өзге елге аттанған қазақ жастарының бірқатарының мемлекетке реніші бар екені рас. Қазақстандағы заң, ішкі саясат саласы адамдарды біраз қыспаққа алатыны жасырын емес. Жемқорлықтың тамыр жаюы, жалақының төмендігі, бизнес жүргізудің кедергілері шешілсе, елде қалуға мүдделі болатын жастар көбейеді.
— «Шетелде оқып келген маманды елде ұстап қалу үшін оған жоғары жалақы беру керек» деген пікір бар. Келісесіз бе?
— Белгілі бір дәрежеде келісуге болады. Біреулер тек диплом үшін оқып, енді бірі қабілеттерді игеріп келеді. Басқа елде оқыған жастар салыстырмалы анализ жасағаннан кейін Қазақстанның кемшілігін бірден байқайды. Жайлы өмірді өз елінен көре алмағаннан кейін кетуге мәжбүр болады. Бірақ Қазақстанға қайтып келген әлдеқайда ұтымды екенін түсіну керек, өйткені шетелге қарағанда бізде бәсекелестік аса жоғары емес, маманға осы жағы қолайлы.
— Ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін!
Сұхбаттасқан Абай Тағыберген