Басты бетЖаңалықтарНұрлан Смағұлов...

Нұрлан Смағұлов Президентке Алматыдағы жаңа автозауыт туралы айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Astana Group компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұловты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрлан Смағұлов Мемлекет басшысына отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамытуға байланысты тапсырмалардың орындалуы жөнінде мәлімет беріп, Алматыда «Астана Моторс» компаниясының Hyundai жеңіл көлігін жасау зауытының құрылысы басталғанын айтты.

Кәсіпорынның қуаты алғашқы кезеңде 30 мың автомобиль шығаруға жетеді. Ал келесі кезеңде өндіріс көлемі жылына 45 мыңға дейін артады. Соның арқасында Қазақстан нарығын сапалы әрі қолжетімді Hyundai маркалы жеңіл автомобильмен қамтамасыз етуге, сонымен бірге көлікті ТМД елдеріне экспорттауға жол ашылады. Жобаға бөлінген инвестицияның жалпы көлемі — 25 миллиард теңге. Бұған өз қаражатымыздан бөлек коммерциялық талаптарға сай заемдік қаржы тартылмақ. Зауыт 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Смағұлов.

Astana Group басшысы Президентке Қазақстан бизнесіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны және «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы сияқты көлік саласына да несие бөлу бағдарламасы жөнінде шешім қабылдағаны үшін алғыс айтты.