Ерлі-зайыптының ынтымақпен бастаған бизнесінде рақат та, береке де, қызық та мол болады. Сүйікті адамыңмен ортақ істе тәуекелге бірге бел буасың. Бірлескен бизнестің басы-қасындағы ерлі-зайыптылар отбасы бюджетін барынша арттырып, кездесетін қиындықтар мен кедергілерге еселеген күш-жігермен қарсы тұрады. Бұл жерде тек жұмыстағы проблемалардың жеке өмірге әсер етпеуін ойлау керек. Ең бастысы, отбасы бизнесі ер мен әйелді мейлінше жақындастырады, бір-біріне деген сенімді күшейтеді және көп уақытты бірге өткізуге мүмкіндік береді.

Айдар Батырхан мен Назым Жанғазинова бірнеше жобаны дүниеге әкелген. Ең ірісі — Астанада тұңғыш рет ашылған ARDA Football футбол мектебі. Мұнда жаттығулар ағылшын тілінде өтеді. Кәсіпкер жұптың келесі жобасы — Назымның PR агенттігі, оған Айдар да белсенді атсалысатынын айтуымыз керек. Ерлі-зайыпты жастар осы жылдың жазында үшінші жобасын таныстыруды жоспарлап отыр.

Айдар жұмыс мәселелерін талқылаудағы ашықтық пен бірлесіп қабылданатын, ойластырылған шешімдер отбасылық бизнестің артықшылығы екенін айтты. Оның пікірінше, ерлі-зайыптылар бизнесіне арналған әмбебап салалар болмайды, оны кәсіпкерлердің өзі табиғатына, ыңғайына, икеміне қарай таңдайды.

Футбол мектебін құру идеясы ең әуелі Назымға келді. Ол жоспар құрып, маған көрсетті, пайдасын дәлелдеді. Жобаны менің алдымда қорғады деп айтуға да болады. Мен жоба бойынша жұмыс істеуге қабылдадым. Назым ARDA Football туралы білуге көмектесті. Ол — тамаша PR-менеджер. Мен оған әрдайым «Сен тума талантсың» деп айтамын және оның PR жөніндегі жобаларын қолдаймын. Назымның агенттігінің бухгалтерлік және басқа да есептік қызметін жиі бақылауға тура келеді. Өйткені ол — креатив, шығармашыл тұлға, ал бұл адамның миын шаршатады, жанын жейді. Мен Назымның шығармашылығынан шабыт алған кездегі сәтін ерекше сүйемін. Мұндай кезде ол жарқырап жүреді, көп қуанады. Нәтижесінде жас кезіндегі сұлулығын сақтап, тартымды бола түседі, айналасына тек жақсы, тартымды ой таратады. Бақытты әйел тағамды да дәмді дайындайды, — дейді Айдар Батырхан күліп.

айдар назым
Айдар Батырхан мен Назым Жанғазинова. Фото отбасының жеке архивінен

Біздің жағдайда Айдар — тамаша бизнес-серіктес. Әрқайсымыздың кез келген мақсатқа қол жеткізуге көмектесетін мықты тұсымыз бар. Айдар — табиғатынан өте нәзік, әр нәрсеге назар аударатын адам. Ол — өте тындырымды, жауапкершілігі зор. Ал мен бизнестің стратегиялық бөлігіне жауап беремін. Айдар оны аяққа тұрғызып, жолға салады. Біз үшін бизнес — бірінші кезекте, перзент. Біз олардың әрқайсына бірге қараймыз, тең дәрежеде мәпелейміз, бөле-жармай күш саламыз. Өзіміздің пәлсапамызбен, идеяларымызбен, бар жан-тәнімізбен тәрбиелейміз, — дейді Назым Жанғазинова.

Бизнес-отбасы мүшелерінің айтуынша, осы күнге дейін олардың кәсіпкерлік жұмысында бірде-бір келіспеушілік болған емес. Әрқайсы өз шаруасын анық және жақсы біледі. Өйткені отбасы бюджеті орындалған жұмыстың тиімділігі мен табысына тәуелді. Бұл ретте жұп бір-біріне ешқашан шектеу қоймайды және көбіне бір-бірінен алшақ жүреді. Мәселен, Айдар футбол ойнауға көп уақытын жұмсайды, тіпті достарымен ойнау үшін Алматыға жиі ұшады. Сонымен қатар түрлі тақырыптағы семинарларға, өзін-өзі дамыту тренингтеріне барады. Назым болса, басқа қалалар мен мемлекеттерге жиі іссапарға шығады. Рухани дамуға, ішкі әлемін байытуға көп көңіл бөледі. Екеуі 5 жасар ұл тәрбиелеп отыр, бұл — олардың өміріндегі басты жоба!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!