Сергей Хорошун Президент Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды

Астана әкімінің бірінші орынбасары болған Сергей Хорошунға Президенттің Іс басқармасынан жаңа қызмет берілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тиісті өкімі Ақорданың сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының өкімімен Сергей Михайлович Хорошун Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды, — делінген құжатта.

Сергей Хорошун 1966 жылы 26 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтының құрылыс факультетін бітірген. 1990-1995 жылдары «Целиноградтұрғынүйқұрылыс» ӨҚБ-да, 1995-1997 жылдары Целина теміржол басқармасында, «Қазақстан темір жолы», «Ақмола темір жолы» РМК-да, «Қалакоммуншар» кәсіпорнында жұмыс істеді.

2000 жылы Астана коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры болды. 2003 жылы Астанадағы «Лига-Полис» ЖШС директоры, 2004 жылы Астана энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бастап Астана әкімінің орынбасары болды.