Юрий Пя сымсыз жасанды жүрегі бар пациентін ғарышкерге теңеді

Әлемдегі жалғыз сымсыз қанайналым құрылғысы 24 жастағы Исмаил Тұрсыновтың жүрегіне орнатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі xабарлады.

Мен оны ғарышқа ұшқан космонавтқа теңейтін едім. Себебі оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық құрылғыны орнату операциясы жасалды. Науқас болып түскенде ол өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі болды. Сол себепті үнемі дәрігерлердің бақылауында жүрді. Қазір жағдайы жақсы, далада қыдырады, спорт залында жаттығады, тіпті, бассейнге де түсе алады, — деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя.

Юрий Пя
Юрий Пя. Фото: Ortcom.kz

Жаңа аппараттың батареясы кеуде ішінің сол жағына орнатылған. Оны арнайы белбеу арқылы магнит толқынымен зарядтайды. Ал арнайы қолсағат жүректің соғуын, қанның қысымын және тағы басқа мәліметтерді көрсетіп тұрады. Қанайналым құрылғысын зарядтау оңай, оның қуаты 8 сағатқа жетеді.

Инновациялық құрылғы Израильде жасалған. Оның қызметі кәдімгі кардиостимулятормен бірдей.

Бұрын денеден сым шығатын жерде бактериялар жиналатын, ол жерді үнемі емдеп отыру қажет. Ал жаңа құрылғыда ондай сымдар жоқ. Үлкен сөмкені бірге алып жүрудің қажеті де шамалы. Адам ешбір кедергісіз жүре алады, душқа түсе алады және тағысын тағы. Аталған аппарат адамның ағзасына толығымен орнатылады. Соның нәтижесінде өмір сүру сапасы да жақсарады, — деді Юрий Пя.

Оның айтуынша, алғашқы операциядан кейін Исмаил Тұрсынов дәрігерлердің бақылауында болады. Бәрі сәтті болса, жаңа теxнологияның куәлігін алу жоспарланған. Содан кейін оны тегін медициналық көмектің санатына қосуға болады. Сол кезде инновациялық құрылғыны қазақстандықтарға тегін орнатуға мүмкіндік бар.

Исмаил Тұрсынов
Исмаил Тұрсынов. Фото: Ortcom.kz

Айта кету керек, желтоқсан айында әлемдегі алғашқы сымсыз қанайналым құрылғысын орнату операциясын қазақстандық кардиохирургтер командасы Чехия, Израиль, Италия және АҚШ серіктестерімен бірлесіп Қазақстанда жасаған еді.