«Қазгидромет» мамандары осы қысты соңғы 7 жылдағы ең суық қыс деп отыр. Бұл туралы кәсіпорынның инженер-синоптигі Лаура Сайлыбаева «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанның көп өңіріне ауа температурасының нормадан тыс суық келіп отыр. Шығыс, орталық және солтүстік өңірлерде қатты аяз болып тұр. Оңтүстікте 30 градусқа дейін, батыста 15 градусқа дейін аяз.
Ауа температурасы арагідік 45 градусқа дейін төмендейтін республиканың солтүстік жартысында аяз 60 градус сияқты сезіледі. Оңтүстік облыстарда суық 40 градус аяз сияқты сезіледі. Жел күшейетіндіктен және ылғалдың әсерінен ауа температурасы әлдеқайда төмендегендей болады, — дейді Лаура Сайлыбаева.
Еске салайық, «Қазгидромет» кәсіпорны синоптиктері бұған дейін 6-7 ақпан күндері республиканың көп бөлігінде қатты аяз болатынын ескерткен еді.
Соған байланысты өңірлерде төтенше ескерту жарияланды.
Жамбыл облысы
6-7 ақпан аралығында блыстың солтүстік-шығысында ауа температурасы түнде 20-25 градус аязға дейін төмендейді.
Түркістан облысы
6 ақпанда түнде ауа температурасы 12-17, кей жерлерде 22-27 градус аязға дейін төмендейді.
Алматы облысы
6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы 10-15, кей жерлерде 20-25 градус аяздан 15-20, кей жерлерде 25-30 градус аязға дейін төмендейді.
Қостанай облысы
6 ақпанда түнде ауа температурасы 33-38 градус аяз болады, кей жерлерде 43 градусқа дейін төмендейді.
Қызылорда облысы
6 ақпанда түнде ауа температурасы 18-23, кей жерлерде 28-33 градус аязға дейін төмендейді.
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысы
6-7 ақпан аралығында түнде 37-42 градус, кей жерлерде 45 градус аяз болады.
Астана
6-7 ақпан аралығында түнде 37-39 градус аяз болады.
Шығыс Қазақстан облысы
6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы 23-28, кей жерлерде 33-38 градус аяздан 37-42, кей жерлерде 45 градус аязға дейін төмендейді.