ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова өрт салдарынан бес бірдей баласынан айырылған ата-ананың өкілетті органдардан көмек сұрамағанын айтты.
Бұл отбасыға төтенше жағдайлар қызметкерлері екі рет келген. Отбасының жағдайын көрген, олар әлеуметтік қорғау органдарына хабарлауы керек еді. Біз ата-анамен әңгімелескен кезде олар атаулы әлеуметтік көмек үшін бізге хабарласқан жоқ. Отбасы небәрі екі төлем алып тұрған: кішкентай қызының дүниеге келгеніне байланысты және көпбалалы отбасы ретінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы, — деп мәлімдеді Светлана Жақыпова Үкімет отырысының сыртында журналистерге.
Вице-министрдің айтуынша, бұл отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жатпайды.
Әкімдіктің ақпараты бойынша бұл аз қамтылған отбасы емес, яғни табысы жеткілікті. Әйелдің жұмысқа шықпауға мүмкіндігі болды. Еңбек заңнамасына сәйкес егер жұмыс берушіге кішкентай сәбиі бар екенін айтса, қолданыстағы нормалар бойынша анаға баланы емізу мен күту үшін қосымша уақыт беріледі. Тіпті, түнгі ауысымға шығу да қажет емес. Онда айрықша еңбек шарты болуы керек, — деді Светлана Жақыпова.
Вице-министр қазіргі уақытта республика бойынша дүниеге келген балалар мен көпбалалы отбасылар туралы толық мәлімет жиналып жатқанын айтты.
Біз Әділет министрлігіне төрт және одан көп баласы бар отбасылар туралы толық мәлімет алуға сұраныс бердік, — деді Светлана Жақыпова.
4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үй өртенген еді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес қыз бала қайтыс болды. Балалардың ата-анасы бұл кезде жұмыста болған. Анасы пластикалық карта шығаратын зауытта бөлшектеп өлшеуші, әкесі техникалық жөндеу орталығының шебері болып жұмыс істейді.
Нұрсұлтан Назарбаев қара жамылған отбасыға көңіл айтты.