Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін екі түрлі тәсілмен алуға болады. Бірі — мемлекет беретін тегін 10 сотық жер, екіншісі — жер телімдері нарығынан сатып алынған жекеменшік учаске. Біз осы екіншісі туралы толығырақ әңгімелейміз. 

Қазір көп адамның қатесі — «жер болса, болды» деген түсінік, — дейді Қуат Нұрғазы.

Үй салғалы жатқандар жиі ескермейтін жерге қатысты талаптар бар. Соны ескермеудің салдарынан азаматтар салынып қойған үйінен айырылып қалып жатады екен. Ары қарай маман айтып береді. 

Жерді сатып алмас бұрын не істеу керек?

  • Жер телімінің зерттелген биологиялық, геологиялық ерекшеліктерімен танысып алу керек.
  • Таңдалған жер телімі заң бойынша тұрғын үй тұрғызып, шаруашылық жүргiзуге арналғанына және ол жерді кейін мемлекет қажеттілігіне тартып алмайтынына көз жеткізу керек.
  • Сол жер арқылы болашақта республикалық маңызы бар жол салынбайтынын жергілікті атқарушы органдарынан, соның ішінде сәулет және қала құрылысы басқармасынан біліп алу керек.

Өзен жағасынан, жерасты суынан және жоғарывольтты тізбектің астынан 25 метр қашықтыққа дейін құрылыс жүргізуге болмайды.

Егер талап бұзылып, тұрғын үй салынып қойса, оны заңдастыру қиын.

Егер таңдалған жерге су, газ, электр желісі сияқты инженерлік-коммуникация жүргізу әкімдіктің бас жоспарында белгіленген болса, жергілікті атқарушы орган олармен қамтамасыз етуге міндетті. Кей жер телімдеріне жүргізілуі тиіс желілер бас жоспарда қарастырылмауы мүмкін. Ондай жағдайда жер иесі қажет коммуникацияны өзі жүргізіп алуы керек. Сондықтан жер таңдағанда мұны да ескерген жөн.

Қуат Нұрғазының айтуынша, Алматы бір миллион адамға ғана арналған. Көшелер тар, биік үйлер тау самалына кедергі келтіреді. Ташкентке екі миллион адам сыйып кетеді. Ондағы көшелер кең.

Қуат Нұрғазы
Қуат Нұрғазы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жер дайын. Енді не істеймін?

ХҚКО-ға немесе eGov арқылы сәулет-жоспарлау тапсырмасына өтініш тастап, үйдің жобасын құрастыруға рұқсат алу қажет. Сәулет-жобалау тапсырмасында сейсмикалық жағдай, үй көлемі және инженерлік желілер мен құрылысты жүргізуге қойылатын талаптар көрсетіледі.

Сәулет-жобалау тапсырмасын алғаннан кейін эскизі сызылады. Алматы 9 балдық сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан үйдің жобасын өте мұқият құрастыру керек. Жобада үйдің құрылысы, материалдарының түрі, саны,  жарық, су, газ жүргізу, кәріз нүктелері көрсетіліп, жалпы салынғанға дейінгі қадамдарының барлығы нақпа-нақ көрсетіледі. Қожайын ойындағы үйдің қандай болатынын сызып, айтады. Оның жобасын тек арнайы лицензиялы сәулет-құрылыс жобалау ұйымы жасауға құқылы. Оның ақысы үйдің көлеміне байланысты. Мысалы, шамамен әр шаршы метріне 1,5-2 мың теңге алуы мүмкін. Жобаны лицензиялы ұйым құрмаса, мемлекет қабылдамайды.

Эскиз дайын болғанда барлық құжат ХҚКО арқылы жергілікті сәулет-құрылыс басқармасына жіберіледі. Онымен бірге жеке басты куәландыратын құжат, сәулет-жобалау тапсырмасы мен эскиздік жобаның көшірмесі талап етіледі. Тұрғын үй жобасы бекітілгеннен кейін өзгертілмейді. Содан кейін үй құрылысы басталады.

Алматы аудандары

Тұрғын үй салуға ең ыңғайсыз аудан — Алатау. Ол Қарғалы өзені, Үлкен Алматы көлі жағалауында орналасқан, жерасты сулары көп. Мысалы, «Шаңырақ-2» ықшамауданындағы үйлер өзен арнасына салынған. Олар қазір заңдастырылып жатыр. Бірақ 2015-2016 жылдардағыдай сел жүріп, су тасыса, «Алғабас» ықшамауданындағы көпірге бітеліп қалып, бірінші су астына кететін осы аудан болады.

Бірінші Алматыда бес қабаттан артық үй салуға болмайды. Себебі онда да жерасты сулары жақын орналасқан. Соңғы кездері Сәкен Сейфулин даңғылында салынып жатқан үйлер бес қабаттан аспайды.

Үй салып, өмір сүруге ең ыңғайлы аудан — Наурызбай. Аудан таудың етегінде орналасқан, басқалармен салыстырғанда қауіпсіз және қала сол жаққа қарай өсіп жатыр. Жел де көбіне батыстан соғады.

Алматы аудандары
Фото: Almaty.gov.kz

Құрылысы

Алматыда үй салушыға қойылатын талаптардың бірі — құрылысқа монолит, темірбетон қолдану. Ол сейсмикалық жағдайға шыдамды. Темірбетонның ішінде арматура, сыртында бетон болады. Жоба құрғанда үйге қанша темірбетон, қанша кірпіш, қанша терезе, тағы басқа материалдар көлемін нақты есептеп береді. Оларды есептейтін «Автокад» деген бағдарлама да бар.

Алматыдағы жердің орташа бағасы (1 сотық)

Ең арзан жер Алатау ауданында ~ 771 мың теңге

Түрксіб ауданында ~ 1 миллион 847 мың теңге

Наурызбай ауданында ~ 2 миллион 531 мың теңге

Жетісу ауданында ~ 3 миллион 314 мың теңге

Медеу ауданында ~ 3 миллион 816 мың теңге

Бостандық ауданында ~ 4 миллион 938 мың теңге

Әуезов ауданында ~ 8 миллион 994 мың теңге

Алмалы ауданында ~ 9 миллион 286 мың теңге.

Аудандардағы жер бағасы Krisha.kz сайтындағы мәлімет негізінде есептелді 

Маманның айтуынша, жердің құнына бірнеше фактор әсер етеді. Олар: орналасқан жері, көліктің жүріп-тұру мүмкіндігі, электр желісі, су, кәріз жүйелері сияқты негізгі коммуникациялардың болуы және жер телімінің бөліну — бөлінбеуі.