Басты бетҚоғамНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімімен кездесті

Даниал Ахметов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

ШҚО әкімінің айтуынша, жоспар орындалып жатыр.

Жалпы ішкі өңірлік өнім көлемі 104 пайызға артты. Өсім деңгейі өнеркәсіп саласында 118 пайызға, ауыл шаруашылығы бойынша 107 пайызға жетті. Көздеген көрсеткіштердің бәріне қол жеткізіп келеміз, – деді ол.

Даниал Ахметов Мемлекет басшысына өңірдегі денсаулық сақтау саласында халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.

2015 жылы онкология, кардиология, ана мен бала, травматология сияқты төрт бағыттың қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілуін анықтау мақсатымен денсаулық сақтау саласына талдау жасадық. Дәрігерлерді даярлаудың үш деңгейлі жүйесін әзірледік. Бұл Семей қаласындағы Мемлекеттік медицина университетінде білім беру, шеберлік сыныптарын өткізіп, шетелде оқыту ісін қамтитын болады. Біз осы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз, – деді ШҚО әкімі.

Ол білім беру, ауызсумен қамту, жаңа тұрғын үйлер салу және елді мекендерді абаттандыру салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу соңында ШҚО әкіміне бірқатар тапсырма берді.