Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақының мөлшері де өзгеріп тұрады. 2019 жылы 1 АЕК 2525 теңге, өмір сүру құны 29 698 теңге болды. Ал ең төменгі зейнетақы (2018 жылы тағайындалғандар үшін) 36 108 теңге, ал ең төменгі жалақы 42 500 теңге болды.  

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бала туғанда төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 2003 жылы енгізілген. 2019 жылы біржолғы жәрдемақының мөлшері мынадай болды:

  • Бірінші, екінші, үшінші балаға  – 95 950 теңге;
  • Төрт және одан да көп балаға – 159 075 теңге.
  • Егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы түрлері:

  • Бірінші балаға – 14 544 теңге;
  • Екінші балаға – 17 195 теңге;
  • Үшінші балаға – 19 821 теңге;
  • Төрт және одан да көп балаға – 22 473 теңге.

Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем мөлшері былай есептеледі: соңғы екі жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.

Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға кіріске тәуелсіз төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері биылдан бастап 16 160 теңгені құрайды. Есіңізге сала кетсек, 2018 жылы бұл жәрдемақы 15 392 теңге болған.

Ал бірге тұратын, кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар отбасыларға биыл 10 405 теңге төленеді.

Мүгедек балалар тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асыраушысына берілетін жәрдемақы

Елімізде мүгедектер мен оларға күтім жасайтындарға республикалық бюджеттен жәрдемақы қарастырылған. Мүгедектігі бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына, ауру себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты белгіленеді.

Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 31 183 теңге;

Бала кезінен бастап І топтағы мүгедекке күтім жасау үшін берілетін жәрдемақы – 31 183 теңге;

Мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы түрлері

Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс шегін тиісті коэффициентке көбейту арқылы есептеледі.

Жалпы және кәсіби аурулардан, еңбекте мертiгуден мүгедек болғандарға:  

  • I топ – 57 021 теңге;
  • II топ – 45438 теңге;
  • III топ – 30 886 теңге;

Бала кезінен бері мүгедек жандарға:

  • I топ – 57 021 теңге;
  • II топ – 47 220 теңге;
  • III топ – 35 638 теңге;
  • 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 41 578 теңге.

Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмек – айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекеттен берілетін ақшалай төлем. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіп бойынша төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек болып бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек төмендегі екі тармақ бойынша тағайындалады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға төмендегі себептермен беріледі:

  • Зейнеткерлік жасқа жеткен кезде;
  • Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік;
  • Ауруына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі екі айдан асса.

Отбасыда еңбекке жарамды барлық мүшесі І немесе ІІ топтағы мүгедектер болса және (немесе) олардың ауруына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі екі айдан асса және (немесе) аз қамтылған отбасында мынадай санаттағы адамдарға күтім жасалатын болса:

  • Жеті жасқа дейінгі бала;
  • Мүгедек бала;
  • І немесе ІІ топтағы мүгедек;
  • Қарттар;
  • Бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж жан.

Жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сонымен бірге құрамында еңбекке жарамды мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның (олардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімделу қажет болған жағдайда шартты ақшалай көмек беріледі.

Ерекше жағдайларға байланысты берілетін жәрдемақы түрлері

  • Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері – 11 312 теңге;
  • Мүгедектердің әйелдері не күйеулеріне, соғысқа қатысқандардың әйелдеріне, соғыстан кейін мүгедек деп танылғандардың екінші рет некеге отырмаған әйелдеріне – 6 464 теңге;
  • №1 тізімдегі алушыларға арналған артықшылықтар (ерекше зиянды еңбек жағдайлары бар кәсіпорындарда жұмыс істеу) – 23 786 теңге;
  • №2 тізімдегі алушылар үшін 21160 теңгеге дейін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!