Президент зимбабвелік әріптесін еліміздің Үкімет мүшелерімен, Эммерсон Мнангагва делегация құрамымен таныстырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Зимбабве Президенті Эммерсон Мнангагва шағын құрамда келіссөз өткізді.
Қазақстандық кәсіпорындар Зимбабве аумағында пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі бірлескен жобаларға қатыса алар еді. Көлік-коммуникация желілерін жаңғырту бағытында ынтымақтастық үшін әлеует бар екенін де атап өткім келеді. Бүгін осы жайында сөйлестік және Зимбабве бұл тұрғыда тәжірибемізді алуға дайын, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев зимбабвелік әріптесімен жаһандық күнтәртібіндегі мәселелерді талқылағанын және көптеген өзекті мәселеде көзқарастары сай келетінін атап өтті.
Хараре тарапының Қазақстанның халықаралық бастамаларына қолдау білдіруін бағалаймыз. Біз үшін Зимбабве дауысы маңызды. Өйткені ол — негізгі өңірлік ел, Африкалық одақтың ықпалды мүшесі, БҰҰ-ның белсенді қатысушысы. Біз БҰҰ мен оның Қауіпсіздік кеңесі аясындағы өзара іс-қимыл мен тәжірибе бойынша бірлескен жұмысымызды жалғастыруға ниетті екенімізді қуаттадық. Сонымен қатар біз елдеріміз Қазақстан байқаушы болып саналатын Африка одағы аясында тығыз жұмыс істейтін боламыз деп уағдаластық», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Зимбабве Президентінің Астанаға бірінші ресми сапары екі елдің де түрлі саладағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға ұмтылатынын айтты. Эммерсон Мнангагваның айтуынша, соңғы 20 жыл бойы Америка мен Еуропа елдері санкциясының құрсауында болған Зимбабвенің экономикасы қазіргі кезде құлдырап кеткен. Сондықтан ел экономикасын жаңғыртуға бет бұрмақ. Осы ретте зимбабвеліктер Қазақстанның экономиканы индустрияландырудағы тәжірибесіне аса қызығушылық танытып отыр.
Зимбабве қазір Қазақстанның осыдан 20 жыл бұрын болған кезеңінде тұр. Сондықтан ынтымақтас елге келіп, осынау қысқа ғана кезең ішінде қалай дамығанын үйренуіміз қажет. Сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңізге таңданысымызды жасыра алмаймыз, — деді Зимбабве Президенті.
Зимбабве Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызып, делегацияға қонақжайлылық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Кездесу кезінде тараптар ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша екіжақты ынтымақтастық орнату, Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.