Бұл туралы ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді.
Бүгін ІІМ Қызылорда облыстық криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері жеке үйде арнайы операция жүргізу нәтижесінде «Охотзоопром өндірістік бірлестік» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деген күдіктілерді ұстады. 13 қаңтарда Қарағанды облысы Нұра ауданы аумағында қызметтік рейд кезінде оған браконьерлерлер шабуыл жасаған, — деді Алмас Садубаев.
Айғақтарды жинау және бекіту мақсатында тергеу жүріп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жалғасады.
13 қаңтар күні Охотзоопром «ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны инспекторлары Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиев Қарағанды облысы Нұра ауданына рейдке шыққан. Рейд кезінде олар бес өлі киікті тауып, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Toyota Land Cruiser маркалы екі автокөлікті байқап, біреуін тоқтата алған. Браконьерлер қарсылық көрсетіп, инспектор Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевты соққыға жыққан. 15 қаңтарда Ерлан Нұрғалиев бас сүйегі мен миынан ауыр жарақат алып, Астанадағы №1 қалалық ауруханада көз жұмды.