Алматыда Есентай өзенінің арнасы селге қарсы нығайтылып жатыр

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай орналасқан арналарын бекіту жұмысын тексерді. Жазда өзен жағалауындағы тротуарлар мен спорт алаңдары абаттандырылып, жарық желілері жүргізіледі. 4000 ағаш отырғызу жоспарланған.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде ұзындығы 1,8 шақырым болатын аумаққа тірек қабырғалары орнатылып, өзен түбіне темірбетон төселіп жатыр, жұмыстың 65%-ы орындалды. Атқарылған шаралар учаскеде су ауқымын күнделікті өткізу қуатын 10 есе арттырады.

Есентай
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Жобаны іске асыру барысында Tokyo Rope Almaty зауытында шығарылатын отандық өнімдер қолданылып отыр. Өндіруші әлемдік стандартқа сай жоғары сапалы ауыр габион — үлкен көзді темір тордың 50 жылдан астам уақытқа шыдайтынына кепілдік береді.

Мегаполис басшысы селдің алдын алуға ерекше назар аударылатынын айтты. Соңғы үш жыл ішінде сел қаупі бар учаскелер 67-ден 12-ге қысқарды, тоғыз өзеннің арнасы реконструкцияланды және 300 шақырым арық желісі қайта жасалды. Бауыржан Байбек қаланы одан әрі дамытудағы басты қағида қауіпсіздік пен таза экология болуы тиіс деп есептейді.

Есентай
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Бұлардан өзге Алматыда Ақсай және Аюсай жаңа су бөгеттерін салу жоспарланған, Мыңжылқы су бөгетін реконструкциялау аяқталып қалды. Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу сияқты төрт өзеннің арнасы бекітіліп, абаттандырылып жатыр.

Қарғалы өзенінің бойындағы ұзындығы 7,7 шақырым болатын аумақ бекітіліп жатыр. Үлкен Алматы көліндегі су электр станциясы мен Медеу-Шымбұлақ беткейлеріндегі қауіпті учаскелерге қорғаныс қондырғылары орнатылған.