Басты бетЖаңалықтарВакцинация жасына...

Вакцинация жасына жетпеген сәбилердің де қызылша жұқтыруы жиілеп кеткен

Енді Ақмола облысында және Астана мен Алматыда қызылшаға қарсы вакцинацияны бұрынғыдай бір жастан бастап емес, тоғыз айдан бастап жасау көзделіп отыр. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты.

Қызылша Астанада және аздап Алматы мен Ақмола облысында өршіп отыр. Алматыда 50 жағдай, Ақмола облысында 41 жағдай зертханалық жолмен расталды. Бізде вакцинаның қажетті қоры бар, — деді Жандарбек Бекшин журналистерге Үкімет отырысынан соң.

Оның айтуынша, қызылшаға қарсы арнайы препарат жоқ, сондықтан ол жүйелі түрде емделеді. Жалғыз ықпалды құрал — вакцинация.

Бұл кезеңнің ерекшелігі — негізінен вакцинация жасына жетпеген балалардың ауыратыны. Өңірлер бойынша ондай балалар — 60-70%. Сондықтан біз ауру көбейіп кеткен осы үш өңірде — Астана мен Алматыда және Ақмола облысында вакцинацияны тоғыз айдан бастағалы отырмыз. Қазір қызылшаға қарсы моновакцина бойынша 100 мың адамға арналған қосымша тапсырыс жасадық және Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымынан қызамық пен қызылшаға қарсы дивакцинаны тегін алу мәселесін қарастырып жатырмыз, — деді еліміздің бас санитар дәрігері.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бір жасқа дейінгі сәбилердің қызылша жұқтыруына негізгі себеп — анасының ауруға қарсы уақытында егілмеуі және балаларының иммунитетін нығайта алмауы.

Бүгінде ауру жұқтырғандардың арасында 90-жылдары және 2000 жылдардың басында вакцинациядан бас тартқан ересектер бар, — деді Жандарбек Бекшин.

Қызылша балалардан гөрі ересектерге ауыр тиеді. Қазақстанда қарашадан бері қызылша жұқтырудың 968 жағдайы тіркелген, оның ішінде 776 адам — 14 жасқа дейінгі балалар. Ауру Астанада республика бойынша ең көп тіркелген. Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта ауру деңгейі төмендеп келеді.