Нұрсұлтан Назарбаев әйгілі бапкердің отбасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев грек-рим күресінің әйгілі жаттықтырушысы Вадим Псаревтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Вадим Александрович спорт саласында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен кезінде Валерий Резанцев, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Назаренко және Владимир Бакулин сияқты Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің даңқты шоғырын тәрбиелеп шығарды. 2014 жылы әлемдік грек-рим күресін дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін FILA-ның Даңқ залына оның есімі жазылды, — делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті Вадим Псаревтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында әрдайым сақталатынын атап өтті.

Грек-рим күресінен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО құрамасының, Қазақстан құрамасының бапкері болған даңқты спортшы Вадим Псарев 12 қаңтар күні 86 жасында қайтыс болды. Ол 1932 жылдың 23 қазанында туған.