«Қазақфильм» Жақсылық Үшкемпіров туралы фильмге кастинг жариялады

Картина Кеңес одағының классикалық күресшісі, әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы — Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі туралы баяндайды. Фильмнің режиссерлері — Бақыт Қайырбеков пен Алексей Каменский.

«Қазақфильм» киностудиясы аталған жобаға басты және эпизодтағы рөлдердегі актерлер кастингін жариялайды. Талап бойынша, аталмыш картинаға 5-7 жас аралығындағы ұл балалар (жүзе біліп, атқа міне алуы қажет), 9-15 жас аралығындағы қыз балалар, 15-29 жас аралығындағы арықтау келген жас спортшылар (күресе білуі қажет), 30 дан 60 жасқа дейінгі спортшы ер адамдар (күресе білу қажет), 18-22 жас аралығындағы студент қыздар мен 20 дан 60 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер керек.

 «Кастингке қазақ тілін меңгерген барлық ұлт өкілдерін шақырамыз. Барлық үміткерлер өздері туралы анкеталық ақпаратты (аты-жөні, жасы, бойы, салмағы, кинодағы тәжірибесі, байланыс телефондары) толтырып, сондай-ақ, фотоға түсіп (тұла бойы, ірі планда анфас және ірі планда профиль) e-mail: [email protected] электронды поштасына жіберулері қажет», — делінген хабарламада.

Түсірілім тобының талаптарына сәйкес келген үміткермен кастинг-директор  өзі хабарласып, актерлік сынаққа шақырады.

Дереккөзkazinform.kz