Кездік — жігітке айбат пен сән-салтанат беретін қару

Ертеректе әр адамда өзі ғана қолданатын кездік болған. Кез келген ұл бала ат жалын тартып мініп, ер жеткен кезде әкесі оған кездік жасатып, сыйға тартқан. Ер жігіт құралды өмірінде қолданбаса да, халық кездік таққан жігітке құрметпен қараған.

«Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген мақал бар. Бұл теңеуді қолынан барлық іс келетін, мінезімен елге жаққан, кісіге көмек қолын созуға дайын тұратын адамдарға арнап, айтқан.

Кездік былғары мен қайыстан немесе көннен жасалатын қынның ішінде сақталып, белдікке тағылады. Кездігі белінде жүрген ер азамат айбатты, сұсты көрінген. Сонымен бірге оның сән-салтанаты артып, мәртебесі биіктей түседі.  

Ертеде жауынгерлер, аңшылар мен малшылар ұстаған кездік олардың жанынан тастамайтын құралы болған. Сыртқы көрінісі қанжарға ұқсайтын оның бір ғана жүзі болады. Үйдегі төрт-түлік мал ауырып немесе аяқ астынан бір жеріне зақым келсе, оны кездікпен бауыздап, арам өлтірмеген. Ер азамат басына күн туып, жаудың қолында қалғанда өзін қорғау үшін кездікті пайдаланған. Оны сол жақ жамбасындағы белдікке ілген, өйткені оң қолымен суырып алуға ыңғайлы.

Қаруды жасайтын ұста металды майға суарып, оның сапасын бұрынғыдан мықтырақ етіп шығарған. Кездікті көбіне түрлі аңның мүйізімен саптайды. Сирек кездесетін аңның мүйізі әдемі әрі сәнді көрінген. Аса өткір болғандықтан онымен қайыс тіліп, таспа тартқан. Сонымен қатар көшпелі қоғамда кездікті талды кесіп-жонып, шаруашылыққа қажетті түрлі сайман жасауға пайдаланған.