Бірақ қарудың бұл түрі қазір ұмыт бола бастаған. Оның ұзындығы – 40-50 сантиметр.

Ақинақтың ерекше үлгісі 1970 жылы Есік қорғанынан табылған алғашқы Алтын адамның белдігінде болды. Ғалымдардың пайымдауынша, Алтын адам – біздің заманымызға дейінгі IV-V ғасырларда өмір сүрген сақ жауынгері. Демек ақинақты да сол дәуірдің қаруына жатқызуға болады. Алтын адамның беліндегі ақинақтың  ерекше сақталуы бүгінге дейін ғалымдарды таңғалдырып келеді.

Қару түгелдей қоладан құйылған. Балдағы жан-жануар бейнесімен әшекейленген. Көне ақинақтың балдағы бүршік, не жүрек сияқты келеді. Қыны ағаштан жасалып, терімен қапталып, қызыл түске боялған. Ерекше мықты болу үшін қарудың жүзін өте қалың етіп жасаған. Өйткені жауынгерлер ақинақты құрал әрі қару ретінде қолданған.

Оны белге тағу үшін қынға арнайы құлақ (белдікке байлау үшін жасалған арнайы ілмек) шегеленген. Сақ тайпасы өкілдері қолданған ақинақта қынының ауыз тұсында бір құлағы, ал сармат ақинақтарының қынында екі бірдей құлағы болған. Ақинақ оң жаққа белдікке тағылады. Салмағы ауыр әрі қауіпсіз болуы үшін қынының құлағын белдікке өткізіп, ұшындағы құлақтан қайысбау арқылы оң санға байлаған.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!