Ақтөбе дәрігерлері Гиннесстің рекордтар кітабына енді

Бір мезгілде 4 270 адамның қан қысымын өлшеген ақтөбелік дәрігерлердің еңбегі Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелді.

Былтыр 5 шілдеде халыққа арналған акция барысында дәрігерлер бір сағат ішінде 4 270 адамның күретамырындағы қан қысымын өлшеген еді. Дәрігерлерге қаралғандардың жас шамасы — 18 бен 60 аралығында.

Бізге Гиннесс рекорды орнатылғанын ресми растады. Мұндай ауқымдағы шара тұңғыш рет ұйымдастырылды, ол Денсаулық саябағында өтті, оған 4000-нан астам адам жиналды. Осылайша біз халықтың назарын күретамыр гипертониясы мәселесіне аударғымыз келді. Сол күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы рекорд орнатуға өтініш берді, — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбе қан қысымын өлшеу акциясы рекорд
2018 жылдың 5 шілдесінде болған акция. Фото: Тengrinews.kz

Бұған дейін бір мезгілде көп адамның қан қысымын өлшеу жөнінен Гиннесс рекорды 2015 жылы Үндістанда тіркелген. Ол кезде дәрігерлер 3 600 адамның қысымын өлшеген.