Мысалы, ежелгі Вавилонда парақорлықтың алдын алу мәселесі мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мәселе қылмыстың тарихында емес, оны азайтудың, көзін жоюдың амалын іздестіру. Театр өз тарапынан амалын көрсетпесе де, проблеманы қоғамға ашып береді. Сондай туындылардың бірі — «Қаза мен жаза».
Бұрындары болыс болып, билікке ұмтылу үшін пара беретінін тарихтан білеміз, ал қазіргі күні қалың қазақ дұрыс, заман талабына сай өмір сүру үшін де пара төлейтін індетке шалдығып жатқан сияқты. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теарының 89-маусымының жабылуына орай қойылған «Қаза мен жаза» драмасының премьерасының өткеніне де төрт маусым өтті. Десе де жыл өткен сайын өз мәнін жоғалтпай, сахналық қойылым ретінде атауы өшпей келе жатқан бірегей драма. Осыдан төрт жыл бұрын театр әлеміне үлкен жаңалық әкелген.
Шығарманы 2005 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Игорь Вовнянко жазса, қазақ тіліне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқымов аударған. Режиссеры — Сырым Асқаров, қоюшы-суретшісі — Ерлан Тұяқов.
Театрда дүниелер тек халық үшін, көрермен игілігі үшін жасалады. Сондықтан біз көрермен қауымның көңілінен шығуды армандаймыз. Спектакльді дайындап жатқанда да «көрерменертең не айтады, қалай қабылдайды?» деген ойлар көкейімізде тұрады. Бүгін жұртшылыққа ұсынып отырған «Қаза мен жаза» қойылымы жаңа тақырыпты арқау еткен. Сахнада сирек қойылып жүрген және бүгінгі таңда ең өзекті қылмыстық драма жанрын қайта жандандыруға тырыстық. Туындыда сот процесі, криминалдық жағдай, қорғаушылардың іс-қимылы суреттеледі. Сценарий желісі әу баста фильм түсіруге лайықталып жазылған. Дегенмен, біз оны сахнаға ыңғайлап, тың дүние жасап, көрермен талқысына салып отырмыз, — дейді спектакльдің қоюшы режиссеры Асанәлі Әшімов шығарманың жаңалығы жөнінде.
Еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесінің бірінші кезеңі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылдың 21 қазанындағы «Қазақстан Республикасының жоғарғы тәрбиелік кеңесі туралы» Жарғысынан басталады. Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзудың түрін, жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңды шығарып, қабылдағанын айту керек.
Қойылым туралы көп нәрсе айтуға болады. Авторлар қоғамдағы үлкен проблеманы арқау еткен. Оқиғалары мен психологиялық шым-шытырығы мол спектакльде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам тағдырына деген үлкен жауапкершілігі мен жоғары кәсібилігі арқасында жас қыз ақталып шығады. Өркениетті де еркін, жауапкершілікті қоғам құрудың басты шарты — осы.
«Қаза мен жаза». Қылмыс пен тәрбие. Театр көрсетті, көрермен көрді, ой түйді. Ұжым қылмысты сахнада әшкерелеу арқылы, өмірде болдырмауды мақсат етті.
Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі, — дейді немістің театр актеры әрі режиссеры Михаэль Тальхаймер.