«Астана Операның» балет труппасы Италияда өнер көрсетті

Астана әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 желтоқсанда «Астана Опера» театры гастрольдік сапарын Карло Феличе Театры сахнасында (Италия) П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен ашты.

Спектакльден соң көрермен қауым жаңа жылдық керемет балет қойылымы үшін өнерпаздарға алғыстарын білдірді. «Щелкунчик» спектаклінің 6 қойылымына да билеттер гастроль басталғанға дейін сатылып кетті. Ғажап көріністі балет сан түрлі аудиторияға арналған. Залда балет өнерінің нағыз бағалаушылары да, тамаша театр әлеміне жаңа қадам басқан жас көрермендер де болды. Итальяндар дуаланған ханзада туралы балетті зор сүйіспеншілікпен қабыл алды.

Осы кеште Маридің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева керемет орындап шықты. Щелкунчик-ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан шеберлікпен сомдады. Щелкунчик-қуыршақ – Әнел Есқалиева, Тышқан патшасы – Жәнібек Иманқұлов, Дроссельмейер – Ильдар Шакирзянов,  Фриц, Маридің інісі –  Әнел Есқалиева, Штальбаум – Рахметолла Науанов, Штальбаумның әйелі – Әсел Кенжебекова, тағы басқалар өз бейнелерін тамаша орындады, – делінген хабарламада.

Италияда труппа «Щелкунчик» балетінің тағы 5 спектаклін (дирижерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және  Арман Оразғалиев) ұсынады. «Астана Опера» театры гастрольдік кесте бойынша енді Испания еліне жол тартады. Қазақстандық әртістер 29 желтоқсан және 5 қаңтар аралығында София Патшайымның өнер сарайы сахнасында (Валенсия) П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін қоймақ. Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.