Астанада үздік IT-стартаптарға грант берілді

Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық орталығында мемлекеттік гранттар беру байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша гранттық қаражаттарды ұсыну бойынша жобаларды іріктеу 30 қарашада аяқталды. Биыл байқау алғаш рет жаңа форматта өткізілді. Жобаларды тыңдау барлық үміткерлердің қатысуымен ашық форматта өтті. Дауыс беру процесі толығымен автоматтандырылып, комиссия мүшелері онлайн режимінде гаджеттің көмегімен үміткерлерге балл қойды. Сөйлеу уақытының ұзақтығы — 3 минут, ал 1 минут сұрақтар мен жауаптар үшін белгіленді.

Жобаларды тыңдау Астана Hub IT-стартаптар халықаралық орталығында 5 күн бойы өтті. Жалпы білім беру, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп секілді салалар бойынша кәсіпкерлерден барлығы 280 өтініш келіп түсті. Жобалар жаңалықты бизнес-идеялар, бәсекеге қабілеттілік пен жобаның жүзеге асуға дайындығы бойынша бағаланды. Байқау қорытындысы бойынша 24 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болды. Олар жобаларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 3 миллион теңге қаражат алады, – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмырзаев.

Аталмыш байқау жыл сайын өткізілетін болады. Алдағы уақытта қатысушылармен қатар жеңімпаздардың санын екі есе көбейту жоспарланып отыр.