Астана әкімі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мемлекеттік наградаларды табыстады

Астана әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты кеште Бақыт Сұлтанов жиналғандарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, еліміздің, қаламыздың дамуына, гүлденуіне елеулі үлес қосып, талмай адал қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысын айтты.

Осы залда қаланың дамуына еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, ардагерлер, дәрігерлер мен депутаттар, бизнес өкілдері және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері отыр. Барлығымызды біріктіретін күш Астанаға, мамандығымызға, өз ісімізге деген сүйіспеншілік. Сіздердің арқаларыңызда қаламыз дамып, гүлденіп жатыр. Мемлекеттік марапатқа ие болу ол сол адамның өз саласында биік жетістікке жетіп, өз ісіне адалдық пен еңбекқорлық және одан да биік белестерді бағындыруға құлшынысының көрінісі, — деді Бақыт Сұлтанов.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте, қаланың әлеуметтік экономикалық, мәдени саласының дамуына еңбек сіңірген азаматтар «Парасат», «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

Одан бөлек, қала әкімі «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалін, сондай-ақ «Құрмет» грамоталарын табыстады.

Сіздерге зор денсаулық, сәттілік, амандық, тұрақтылық, өркендеу және еліміздің игілігі үшін жемісті қызмет етуді тілеймін, — деді Астана әкімі.