Нағыз қыс: алдағы үш тәулікте аяз 40 градусқа дейін күшейеді

«Қазгидромет» РМК 25-27 желтоқсан күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, 25 желтоқсаннан бастап күн баяу ұзарады, ал Таймырдан Сібірге жылжитын суық антициклонның сілемі Қазақстанның көптеген облысына қатты аяз алып келеді.

Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнгі температура 32-37 градусқа дейін төмендесе, кей жерлерде аяз 40 градусқа дейін күшейеді. Тіпті, Қазақстанның оңтүстік-шығысында да ауа температурасы төмендейді, кей жерлерде 25-30 градусқа дейін аяз болады, — делінген хабарламада.

Еліміздің батыс облыстарында Ресейдің еуропалық бөлігінен жылжитын циклонның ықпалынан жауын-шашын болып, тұман түседі, көктайғақ болады, күндіз температура 0-5 аязға дейін, оңтүстік-батыста 0-5 градус жылыға дейін жоғарылайды.