7 желтоқсан күні отандық туризм индустриясының дамуы мен жетілуіне арналған TravelMediaTalks халықаралық форумы өтті. Шарада еліміздің туристік брендінің тұжырымдамасы ұсынылды.
Тұжырымдама авторлары KazakhTourism ҰҚ АҚ-ның ActionMedia (Қазақстан) және MediaGurusInc (Канада) агенттіктерінен жасақталған. Олардың мақсаты – Қазақстанды шетелдік туристерге және қазақстандықтарға көрікті ету.
«Біз анықтаған түсініктер еліміздің туристтік тартымдылығын құрудағы жергілікті қауымдастықтың рөлін нақты көрсетіп берді. Көп мәселе бірінші және екінші топ үшін де бірдей екенін білдік. Соған байланысты бренд-платформаны ұлттық бірыңғай бренд ретінде дамытуды дұрыс деп санаймыз. Жергілікті деңгейдегі ел дамуы әр қазақстандық үшін абыройлы іс болуы қажет. Бұл шетелдік туристтерді алшақтататын инфрақұрылымдық мәселелердің жойылуына септігін тигізеді», — деді жобаның шығармашылық продюсері, белгілі халықаралық журналист Риз Хан.
Авторлар бренд атауын ойлап табу кезінде –stan жұрнағын түрлендіріп, жаңашыл шешім қабылдаған.
Бүгінгі таңда -stan жұрнағы кей мемлекетке имидж мәселесінде қиындық туғызады. Кейбірі миллиондаған PR-кампаниялардың қызметіне жүгінсе, енді бірі одан мүлде бас тарту туралы ойлана бастады. Әзірге Батыс –stan жұрнағын теріс мағынада қолданса, біз оны керісінше пайдамызға асыра аламыз. Қалай? Біз –stan жұрнағын иемденуіміз керек. Біз тиімді әрі дұрыс түсініктерді қалыптастыруымыз қажет, — дейді Риз Хан.
Осыдан кейін Қазақстанның жаңа туристік аймақтарын зерттеуді сипаттайтын турбренд – #Explorestan Kazakhstan атауы пайда болды. Мұндай нейминг қазіргі цифрлық дәуірдің талаптарына сай үйлесім болды.
Авторлар бұл атаудың басқа да суббрендермен вариациясын, жарнама беруші компаниялардың ұсыныстарына сай бейімдеуге мүмкіндігін де ескерген. Мысалы, қонақжайлылық туралы хабар болса, #FriendlystanKazakhstan, саяхаттаудың мүмкіндіктері туралы ақпарат болса, #AdventurestanKazakhstan хэштегін пайдалануға болады.
«Брендтің танымалдылығын арттыру, оның маркетингін қашықтықтан да дамыту үшін ауқымды стратегия жасауымыз керек, барлық тиімді тәсілді қолдануымыз қажет. Әлбетте, алдымен турбизнесті, медиаиндустрияны және блогосфераны да қамтуымыз керек. Бізді осы саладағы әріптестеріміздің тәжірибесі қызықтырады. Сол себепті осы форумды пікірталас алаңына айналдырып отырмыз», — дейді KazakhTourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.
TravelMediaTalks форумы аясында еліміздің турбрендінің жобасы көпшілікке ұсынылды. Алдағы уақытта жоба мемлекеттік деңгейде бекітіледі. Жаңа тұжырымдама аясындағы алғашқы медиаөнім күз айында Euronews телеарнасының эфирінде көрсетілген проморолик болатын.
TravelMediaTalks форумы — туризм туралы алғашқы концептуалды шара. Ол әлемге танымал TED Talks шарасының элементтерін қамтыған форматта өтті. Спикерлер көпшілік алдында сөйлеп, презентациясын көрсетті, дәріс жүргізіп, шараны дискуссия алаңына да айналдырды.
Форумға қазақстандық мамандардан бөлек бес мемлекеттен, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Белоруссия және Қырғызстаннан келген туризм және медиа саласындағы сарапшылар спикер болды. Шара «Жаһандық цифрландыру кезеңіндегі туризм: жаңа толқынға бағыт» тақырыбында өтті.
Форумды Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің қолдауымен KazakhTourism ұлттық компаниясы АҚ ұйымдастырды.