Не болды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Сержио Гормен кездесу өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Кездесу барысында президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестік дамып келе жатқанын атап өтіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар бойынша C5+1 форматындағы ынтымақтастықтың маңызын қозғап, мұның Уашиңтонның Қазақстанға және жалпы Орталық Азия өңіріне деген стратегиялық қызығушылығын көрсететінін айтты. Сонымен қатар мемлекет басшысы арнайы өкілдің қос елдің байланысын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, АҚШ президенті Доналд Трампқа ізгі тілегін жолдады.
Сержио Гор Ақ үй басшысының сәлемін жеткізіп, Доналд Трамп Қазақстан ррезидентінің қызметін жоғары бағалайтынын айтты. АҚШ Қазақстанмен және көршілес елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
Кездесуде қос тарап сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін, маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрландыру секілді басым бағыттағы әріптестік жоспарын талқылады.
Сонымен қатар Қазақстанның тең құрылтайшыларының бірі бейбітшілік кеңесі қызметіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық тұрақтылықты нығайтуға және гуманитарлық бастамаларды қолдауға үлес қосуға әзір екенін мәлімдеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, бұған дейін Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Кипр президентін қарсы алған еді.
