Алматыдағы ХҚКО-лар қаншалықты цифрланды?

Алмалы ауданындағы ХҚКО-да азаматтардың мемлекеттік қызметті өз бетімен алуына мүмкіндік жасайтын 37 орындық бөлім цифрланды. Онда жеке куәлік немесе бір реттік SMS-пароль арқылы электрондық қызметтерді алуға болатын төрт пункт ащылды.

Сонымен қатар, Алматыдағы ХҚКО-ның операциялық залдарының жүктемесі азайды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Paperfree механизмі жүзеге асты. Механизм жылына қағаз айналымын 24 миллион анықтамаға қысқартуға мүмкіндік береді.

Электрондық үкімет порталында тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу рәсімі өзгерді. Енді тіркелу үшін азаматтарға 20 минут жеткілікті.

Осы жылы тағы бір онлайн-қызмет ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу мүмкіндігі жасалды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы SmartPay провайдерімен бірлесіп fastpay.kz онлайн-сервисін пилоттық режимде іске қосты. Енді мемлекеттік қызметті тұтынушылар 37 қызмет ақысын тек банк картасының көмегімен ғана емес, WebMoney, Qiwi және WalletOne электрондық әмияндары арқылы да төлей алады.

Айта кетейік, Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, қаржы технологияларын және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту міндеттелген еді.