«Балкон» — Олжас Сүлейменов поэмасының желісімен 1988 жылы түсірілген фильм. Картина 1950 жылдардағы Алматының өмірін суреттейді, фильм сюжеті Сталин саясатының қаһарлы жылдары мен аудан-ауданға бөлінген қала жастарының басынан кешкендерін баяндаса, ақ-қара кадрлар бүгінде адам танымастай жаңарған, уақытпен бірге келмеске кеткен Алматы көшелерін көрсетеді.
Басты кейіпкер — жоғары сынып оқушысы Айдар Сұлтанов. Айдар мен оның достары — «Двадцатка» деп аталатын ауданның жігіттері. Басты кейіпкер тобырдың көп өкілінің бірі емес, адалдық, әділет, қамқорлық пен рухани байлық жайлы өз ұстанымы бар жас. Өз көзқарасы жолында ештеңеден тайсалмайды, әділетсіздікке бейжай қарамайды, достары үшін басын қауіпке тіге алады.
Фильм метафораға, аллегорияға толы, көп деталь философияға жетелейді. Сол себепті «Балконды» көрген әр адам өзінше ой қорытады. Біреу үшін ол — соғыстан кейінгі Алматы өмірінен, өткен дәуірден елес берер хикая, жай ғана ностальгия, ал енді бір көрермен уақыт пен саяси жүйенің ықпалындағы адам тағдырын көреді.
«Балкон» — көпшілікке, әсіресе, алматылықтарға ерекше ыстық картина. Полемика клубына ол туралы талқылауға, кинода ойнаған актерлармен кездесуге көрермен көп жиналды. Картина жайлы пікір алмасуға Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те келді.
Мен «Балконды» әлі күнге дейін толық көрмеппін. Бүгін асықпай отырып көруге мүмкіндік болғанына қуаныштымын. Сол жылдардағы фильмдермен салыстырғанда «Балкон» — мейлінше қазіргі заманға сай фильм. Cол жылдары шыққан фильмдер ауыл, кең дала туралы болатын. «Балкон» — қаланың балалары туралы фильм, сондықтан ол шынайы әрі динамикасымен ерекше. Сценарийде шала жұмыстар бар. Фильмге сапалы монтаж бен оқиғалардың дәлдігі жетпеген сияқты. Костя (Қалықбек Салықов) әрі қарай кинодағы жұмысын жалғастырғанда арамызда кәсіби жағынан әлдеқайда жетілген режиссер отыратын еді, — деді Олжас Сүлейменов.
Айдар — 50-жылдардағы Алматының сымбатты бозбаласының албырт, бейкүнә образы. Бұл рольде Исмаил Ығылманов ойнады. Ол фильмге түскеннен кейін бірден әскерге аттанған. Сол себепті фильмде кейіпкерді басқа адам дыбыстаған.
Кейбірі байқаған болар, фильмде менің дауысым жоқ. Дубляж басталарда мені әскерге шақырып, мен Қарулы Күштер қатарында болдым. «Балконға» түскенде менің жасым 17-де болды және мен ол кезде фильмнің не туралы екенін нақты түсінбедім. Түсірілім басталмас бұрын режиссермен ұзақ сөйлестік, сценарийді бірнеше рет оқыдым, артынша Олжас Сүлейменовтің шығармасын қарадым. Түсірілім кезінде үш дубльдан асырмадық. Ол кезде цифрлық көшірме болмағандықтан үнемдедік. Менің ешқандай актерлық білімім жоқ. Мен Политехникалық институтқа оқуға түскенімді айтайын деп телефон будкасына кіріп, анама қоңырау шалдым. Сол кезде фильмнің екінші режиссеры Галина Андреевна мені көріп, түсірілімге шақырды. Кастинг кестесі нақты жасалынғандықтан біз басқа кейіпкерлермен фильмге дейін кездеспедік, — деді Исмаил Ығылманов.
Картинадағы негізгі рольдердің бірінде ойнаған белгілі актриса Ирина Әжмұхамедова картинаның идеясы, түсірілу процесі және Қалықбек Салықовтың кәсіби шеберлігі туралы әңгімелеп, көрермен сауалдарына жауап берді.
Костяның режиссерлық шеберлігі туралы айтқанда ешкімнің таласпайтыны белгілі. Ол фильмнің оқиғасын өзінше түсінді де, сол кездегі атмосфераны өзіндік боямасымен сол қалпында көрсеткісі келді. Міне, бүгін «Балкон» фильмін 30 жылдан кейін көріп отырмыз. Осы сәтте Костя қасымызда болуы керек еді. Бірақ әркімнің тағдыры әрқалай. Дегенмен де бүгін Олжас Сүлейменовтің қолдап келіп отырғаны — біз үшін бақыт. Режиссердың туындысын өз шығармаңызбен байыта білгеніңіз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Жаңа Исмаил өзінің ролінде ешқандай актерлық шеберлік болмады деп айтып жатыр. Мен, керісінше, түсірілім кезінде Исмаилға бәрінің әлемдік деңгейдегі жас актер ретінде қарағаны есімде. Фильмде аса керемет актерлық шеберліктің керек болмағаны көрініп тұр. Себебі режиссер өзі іздеген кейіпкерін тапқан, — деді Ирина Әжмұхамедова.