Ақсораң тауы – Сарыарқаның ең биік нүктесі. Ол теңіз деңгейінен 1565 метр биіктікте жатыр. Мұндағы қат-қабат жартастар – ежелгі жанартаудан қалған белгі. Шөгінді және жанартаулық тау жыныстары арасында көп кездесетіні – порфирит, кварцит, құмдақ тас пен сазбалшықты тақта тастар.

Тау-тас арасындағы қатпарлы гранит шыңдарда қылқанжапырақты орман бар. Көк шалғын жапқан жазық даланы қарағай орманы алып жатыр. Шалқар дала төсінен шағын ақ қайың аралдары кездеседі. Жан-жақты түгел итмұрын, долана, таңқурай, ырғай, тобылғы және қарақат бұталары басқан.

Қызыларай

Қызыларайды арқар, елік, киік, қабан, қасқыр, түлкі, қоян, ақкіс, қарсақ, суыр мен ондатр сияқты жануарлар мекендейді. Құстардан дуадақ, құр, шіл, бірқазан, құтан мен шағала кездеседі.

Қызыларай тау сілемінде солтүстіктен Сібір желі жиі соғады. Климаты құрғақ әрі құбылмалы, қысы қатты. Қаңтар айында орташа температура 18 градус суық болады, кейде 40 градусқа дейін төмендейді. Шілде айында ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Археолог Әлкей Марғұлан бұл жерден Беғазы-Дәндібай мәдениетінің іздерін тапқан. Біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырларға жататын үйінділер – қола дәуірінің бірегей ескерткіші. Таяу маңда орналасқан Беғазы қорымынан қола жебе ұштары табылды.

Қызыларай

Ғалымдар Қызыларайдың өркениет ордасы болғанын дәлелдеді. Ежелгі адамдар мұнда мыс, алтын, қалайы өндірумен айналысқан. Сонымен бірге егін және мал шаруашылығымен, металл өңдеумен де шұғылданды. Табылған жәдігерлерді Ақтоғай ауылындағы археологиялық-этнографиялық өлкетану мұражайынан көруге болады.

Қызыларай

Қызыларай тау сілемінің етегінде Шабанбай би ауылы қоныс тепкен. Бұл жер экотуризм әуесқойларына таңсық емес. Жергілікті тұрғындар туристерге арнап археологиялық ескерткіштерге саяхат ұйымдастырып, оларды қазақ халқының ұлттық мәдениетімен таныстырады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!