11 мамыр — Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғалым Әлкей Марғұланның туған күні. Дәнел Әлкейқызы — ғалымның жалғыз перзенті. Өзі — медицина ғылымының кандидаты. Әкесінің көзі кеткен соң, ғалымның мұрасын реттеумен айналысқан. Baribar.kz тілшілері Алматыдағы ғалым тұрған үйге барып, Дәнел Әлкейқызының естеліктерін тыңдап қайтты.

Әлкей Марғұлан тұрған үйге кіргенде…

Дәнел Әлкейқызы Алматының орталығындағы көпқабатты ескі үйлердің бірінде тұрады. Сыртқы қоңырауды басып, төртінші қабатқа көтерілдік. 15-пәтердің есігі ашық тұр екен. Біз келгенде бірден кіре берсін деп ашық қалдырғанын түсіндік. Десек те, есік қағып, келгенімізді білдірдік. Төр бөлмеден «Кіре беріңдер, айналайындар» деген дауыс шықты. Дәнел апа архивті ақтарып, әкесінің суреттерін көрсетуге дайындалып жатыр екен.

Дәнел Әлкейқызы
Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әлкей Марғұлан, естелік, фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп естелікті Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы мектеп пен мұражайға өткізіп тастадым. Қолымда көп нәрсе қалмады, айналайын. Тек өзіме керек құжаттар мен бірнеше папка сурет бар, — деді Дәнел апа.

Үйге кіргеннен ескі Алматыға тап болғандай болдық. Бұл үйге Әлкей Марғұлан отбасымен 1975 жылы көшіп келген. Әкесі қайтқан соң Дәнел Әлкейқызы үйді көп өзгертпеген.

Әлкей Марғұлан, фото, үйі, естелік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
үй
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көзіміз бірден қонақ бөлмедегі фотолар ілінген қабырғаға түсті.

Әлкей Марғұлан
Әлкей Марғұлан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әлкей Марғұлан жары Раушан Сәтбаевамен
Әлкей Марғұлан жары Раушан Сәтбаевамен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — әкем мен анам. Қызығы, олардың қалай танысқанын білмейді екем. Анам әкемді үнемі мақтап отыратын. Кейін отбасы құрғаннан соң екеуі бірге Мәскеуге барғаны есіме түсіп отыр. Анам онколог дәрігер еді, сапарға екеуі екі бөлек жұмыспен барған. Сонда анам бір ыдысты сатып алғысы келіп, әкеме ұнап-ұнамайтынын білу үшін әкемді дүкенге бірге баруға көндіреді. Әрі ыдысты таситын адам да керек болған шығар. Әкем «бәленше уақытта жұмыстарым бітеді, архивке кел» депті. Анам архивке барып, әкемді іздеп таппайды. Адамдардан сұраса, төр жақты нұсқапты. Ол жақтан да таппай, ұзақ іздеген екен. Кейін қараса, таудай боп үйілген кітаптың арғы жағынан әкемді көрмей қалыпты. Анам ренжіп сонша іздегенін айтса, “Айналайын, ондайыңды өзің шеш, мені араластырмай-ақ ала берші ыдыс дегенді” депті. Анам да күліп, әкең «жұбай ретінде мінсіз еді, ештеңеге араласпайтын» деп отыратын, — дейді ғалымның қызы. 

Әлкей Марғұланның археолог болуына Қаныш Сәтбаев ықпал еткен

Дәнел Әлкейқызы
Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң Дәнел апа орындыққа жайланып отырды. Біраз кідіріп, әкесінің суретіне қарап, тағы естеліктерді қозғады.

фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әкем де репрессияға ұшырады. 1935 жылы Петропавл қамалында бір жылдан аса уақыт жазықсыз отырып шықты. Босап шыққан соң қатты ауырыпты. Ол уақытта аспирантурада оқып жатқан екен. Жазылған соң КСРО ғылым академиясының материалдық мәдениет институтына оралды. Оқуын бітіріп, сол жерге ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасты. КСРО ғылым президиумынан, қателеспесем, КСРО ғылым академиясының Қазақ филиалына жұмысқа тұру туралы ұсыныс  түскен. Бұл — 1939 жыл. Бұл уақытта филиалдың жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жыл болған. Төрағасы — Қаныш Сәтбаев. Әкем Алматыға келгенде Қаныш аға Имантайұлы оған тарих секторында жұмыс істеуді тапсырады.

Дәнел Әлкейқызы Қаныш Сәтбаевтың бұл шешімін кейінірек түсінген.

1946 жылғы 1 маусымда Қазақ КСР ғылым академиясы ашылды. Осы кезде Қаныш Имантайұлы әкеме археология бөлімінде жұмыс істеуді ұсынды. Менің түсінуімше, Қаныш Имантайұлы барынша әкемді қуғын-сүргіннен қорғағысы келген. Өйткені гуманитария саласындағы ғалымдар үнемі қудаланады. Ал археология — саясиландырылмаған ғылым. Осылайша әкем археология бөлімінде жұмыс істей бастаған. Дәл сол жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрылды. Оны әкем басқарып, бірден жұмысқа кірісті. Орталық Қазақстанда болып, өмір бойы сол аймақтың археологиялық ескерткіштерін зерттеді. Жер қазды, қорғандар мен кесенелерді тапты, — дейді Дәнел Әлкейқызы.

экспедиция
Экспедиция. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әлкей Марғұлан бұл экспедицияны 35 жыл басқарған.

1975 жылы экспедициядан үйге оралған күні әлі есімде. Түрі жүдеу тартқандай көрінді. “Әке, түріңе не болған?” деп сұрадым. Тамыр соғысын өлшеп көрсем, ретсіз соғып тұр екен. “Әке, енді үйден алыстап кете алмайсың-ау, тым алыс сапарға шықпасаң қайтеді?.. Көтере алмайсың ғой» дедім.  “Жақсы, айналайын” деп бірден келісті, — дейді Дәнел апа.

Әлкей Марғұлан өмірінің соңғы 10 жылын да жұмысына арнаған. 1975-1985 жылдар аралығында ғалым үйінде, өзінің жұмыс бөлмесінде жұмыс істеген.

жұмыс бөлмесі
Әлкей Марғұланның жұмыс бөлмесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ісін қатты жақсы көргені сонша, үйде де тыныш отыра алмады. Жұмысын отбасынан артық жақсы көрді. Жұмыс бөлмесінен шықпастан “Қазақстанның архитектурасы” деген кітапты жазды, — дейді ғалымның қызы.

Әлкей Марғұлан экспедиция кезінде тапқан жәдігерлерді әуелі үйіне апаратын

Дәнел апаның сөзіне қарағанда, Әлкей Марғұлан 35 жыл бойы маусым-қыркүйек айларында экспедицияға аттанып, даланы зерттеген. Ол бірде әкесінен осындай экспедициялардың біріне өзін де ала кетуді сұраған.

экспедиция
Экспедиция. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Экспедиция
Экспедиция. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ешқайсымызға рұқсат бермейтін. Мен сұрағанда да «Қиын, айналайын» деп рұқсат бермеді. Өмірден өтпес бұрын “Әке, экспедицияға бірге бармасақ та, бәріміз бірге Баянға (Баянауыл — ред.) барып келейік” дегенде “Айналайын, енді өзің барарсың” деді. Расымен, кейін өзім әкемнің туған жеріне бірнеше рет бардым. Бірақ әкеммен бірге бару сол күйі бұйырмады. 

фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызы әкесі әр экспедицияға асқан тиянақтылықпен дайындалатынын еске алды.

Экспедицияға кетпес бұрын бірнеше ай бойы облыс комитеттері мен жетекшілік қызметтегі адамдарға хабарласып, техника бөлуді сұрайтын. Ал кетер алдындағы халін көрсеңіздер ғой, жолға балаша қуанып шығатын. Сондай бақытты күйде кететін. Үйге оралғанда да жадырап келетін. Үйде экспедициясының жаңа кезеңі басталатын. Жұмыс бөлмесіне кіріп, тапқан жәдігерлеріне сипаттама жазып, күнделіктерін толтыратын. Мұның бәрі — үлкен жұмыс. Қыста сол жазған сипатамаларына қарай монография жазуға кірісетін, — дейді ол. 

Дәнел апаның айтуынша, Әлкей Марғұлан экспедиция кезінде тапқан жәдігерлерді әуелі үйіне апаратын.

Қазып, тапқанының бәрін үйге әкелетін. Бірақ ертесіне бірден ғылым академиясына апарып тастайтын, үйде ештеңе сақтамайтын. Бір күні сондай бір экспедициядан білезік тауып әкелді. Есіктен кірер-кірмес “Осы жолы не әкелгенімді көрсеңдер ғой, сондай әдемі білезік таптық” деді. Білезіктің бетінде төрт ұсақ тасы бар екен. Соның бірі жерге түсті де, әкем шошып кетті. “Бұл масқара ғой, бәріміз іздейік, табуымыз керек” деп бәрімізді жұмысқа салып қойды. Тапқанда “Құдайға шүкір, таппасақ, елдің бетіне қай бетіммен қарар едім?” деп еді.

Дәнел Әлкейқызы
Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызы археологтар тапқан жәдігерлердің бәрі бірдей мұражайларға қойыла бермейтініне налиды.

Бұрынырақта Ғылым академиясына бір жиынға шақырды. Ғимараттың үшінші қабатында археология мұражайы бар. Жанынан өтіп бара жатып, қола дәуірінен ештеңе қойылмағанын байқадым. Кейін тағы бірнеше рет барғанда да солай болды. Әкем сол дәуірді ерекше ықыласпен зерттеді, көп тер төкті. Мұражайда жәдігер тұрмақ, сол дәуір туралы бір сөз де жазылмаған, дәуірді зертеген ғалымдар туралы да дерек жоқ. Ортағасырлық жәдігерлер ғана қойлыпты. Ол кездері директоры Байпақов (Карл Байпақов — ред.) болғандықтан, мұражайда да тек сол айналысқан сала жәдігерлері қойылған болса керек. Марғұлан, Қадырбаев, Оразбаев деген ғалымдардың ізі де жоқ. Әкемнің 100 жылдығына Беғазы-Дәндібай мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырылды. Әкем тапқан жәдігерлер сол кезде ғана қойылды. Өзім тек суреттен көріп, кітаптан оқыған кеселер мен құмыраларды көріп сонда қатты таңғалдым. Мұражайға қоятын жәдігер көп, бірақ неге екенін қайдам, қоймайды. Одан бері де 20 жыл өтті ғой, мүмкін қазір өзгерген болар, — дейді Дәнел Әлкейқызы. 

Ол мұндай жағдай қызығушылық пен жауапкершілік жоқ екенінен дейді.

Мұның бәрі қызығушылық болмай, жауапкершілік төмен екенінен ғой. Мұражайда тек басшыға ұнаған бұйым емес, археологтар тобы еңбектеніп тауып әкеліп табыстаған барлық жәдігер тұруы керек. Соны түсіну керек. Бұл — біздің тарихымыз. Тарихты мұражайларға қарап бағаласақ, қазақтар орта ғасырдан аспаннан топ ете қалған ба деп ойлайсың. Бірақ археологтар қазақтардың тарихы қола дәуірінен басталатынын зерттеп, дәлелдеп қойған. Сол заманнан бері осы жерді мекендеп, мал шаруашылығымен айналысқан. Сол тарихты көзге ілмеу — тарихқа, ғалымдар еңбегіне деген құрметсіздік. Жауапкершіліктің жоқтығы. Қазір “Қазақстан өзі ешқашан мемлекет болмаған, қайдан шыққаны белгісіз варварлар” деген түрлі пікірге сол тарихи ескерткіштер арқылы-ақ жауап беруге болады. Біз тарихымыз жайлы аз айтамыз, халық қызыға бастауы үшін әуелі ол туралы көбірек айтуымыз керек, — дейді ол.

Дәнел Әлкейқызы әкесінің фотоестеліктерін бөлек-бөлек папкаға салған. «Демалыста», «Жұмыста», «Отбасы» деген үш папканы кезек-кезек ашып көрдік.

папка
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әлкей Марғұлан
Әлкей Марғұлан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ғалым үш оқу орнын бітірген бе?

Дәнел Әлкейқызы әкесінің жас кезіндегі көп фотосын бір-бірлеп көрсетіп отырып, Әлкей Марғұлан үш университетті бітірген деген мәліметті жоққа шығарды.

Әкем қызық, ерекше адам болатын. Ленинград университетінің шығыстану факультетін бітірген. Онда Мұхтар Әуезовпен бірге оқыған. Ол кездері оларға орыс шығыстану әлемінің жұлдыздары сабақ берген. Әкем жастайынан дарынды болған, университетке түспей тұрып-ақ қазақ мифологиясын толық меңгерген, ата-анасы оның біліміне көп мән беріпті. Ал университетте нағыз ғылымды үйренді. Түркология факультетімен қатар өнертану және тағы бір факультеттегі сабақтарға өз еркімен қатысып жүрген. Менен әлі күнге адамдар сонда Әлкей Марғұлан үш оқу орнын бітірген бе деп сұрайды. Ол бір факультетті ресми бітірген, ал қалған екі факультет дәрістеріне өз еркімен сұранып кіріп, лекция тыңдайтын болған, — дейді ол. 

ӘЛкей Марғұлан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызы әкесі жайлы талай тұлға тек еңбекқор екенін естіп өскенін айтты.

Ленинградта оқып жүргенде қалалық архивтерге бара бастайды. Сол кезде қазақ мәдениеті туралы, Шоқан Уәлиханов жайлы материалдар жинаған. Кеңес одағының көп архивінде әсіресе Мәскеу, Омск қалаларына жиі барған. Әуезовтер, Бекмахановтар “Архивке қашан келсек те, Әлкей сонда жұмыс істеп отыратын” деп күлетін.  

үй
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызы әкесі экспедициядан орала салысымен, сырттан оны сұрай келетіндер де көбейіп кететін дейді. Ғалымның аспирант студенттері келіп, тапсырма алатын. Жұмыс бойынша келетіндер де көп екен. 

Туыстарымызбен ерекше жылы қарым-қатынас жасады. Нағашы жағым Қаныш Имантайұлымен туыс. Ол — нағашы атам Әбікей Сәтбаевтың бауыры. Әкеме “ғылым саласында бол” деген де сол кісі. Әкем бір хатында “Бауырым Қанышқа ғылым жолын таңдауыма септігін тигізіп, кеңес бергені үшін ерекше алғыс айтамын” деп жазған. Ал нағашы атам — 20-ғасырдың басында ең білімді адамдардың бірі болған, Семейдегі техникумның ректоры болған. Бұл оқу ордасында алашордалықтар оқыған, атам да сол Алашорда мүшесі болыпты. 1937 жылы сол үшін ату жазасына кесілген. Алматыда көбіне нағашыларымыз тұрды, ал әкемнің туыстары Қарағандыда еді, — дейді ол.

шкаф
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сәлден соң Дәнел апа сөреге барып, ыдыстарын шығара бастады.

ыдыс-аяқ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл ыдыс-аяқ — көненің көзі, нағыз жәдігер. Үйде ерекше дарынды дәрігер Райхан Әбікейқызы, әкемнің алыс туысы Шапек Чокин, Шәмшия Қанышқызы мен жолдасы жиі бас қосып тұратын. Ал мына ыдыстар сол күндері дастарханның сәні еді, әлі күнге қолданамын. Үнемі қонақтарыма тарих болған тұлғалар дәл осы табақтан дәм татқан деп айтып отырамын, — дейді ол.

фото
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызы әкесі үйге келген басқа қонақтарға көп уақыт арнай қоймайтын дейді.

80-жылдары мен де тұрмысқа шықтым. Үйге достарымыз келгенде әкем үстелге жайғасып, хал сұрасқан соң, “Ал, жақсы, енді өздерің отырыңдар, мен барып жұмыс істейін” деп тұрып кететін. Бұл сөзді айтқанда даусынан бізден гөрі жұмысына деген махаббат қаттырақ сезілетін. Бұл туған жер мен халқына деген махаббат еді.

Әлкей Марғұланның ұрпағы кім?

Жұмыс бөлмесінде Әлкей Марғұланның жасы бестер шамасындағы қызға домбыра тартып отырған сәтінің фотосы ілініп тұр.

жұмыс бөлмесі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әлкей Марғұлан
Әлкей Марғұлан немересі Дәмешпен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — қызым Дәме. Дәмеш деп еркелетіп кеткенбіз. Есімін қалаулы қыз болсын деп әкем қойған. Менің есімімді қойған да — әкем. Ат таңдауға қатты мән беретін. Менің есімім қазір бұрмаланып, көбі үшін Данеля боп кеткен ғой. Бірақ әкем «Дән» және «ел» деген екі түбірді қосқандағы мәнін ұнатып қойған. Үнемі Дәнеш деп еркелетіп отыратын. Әр сөзіне «Айналайын» дегенін қосып айтатын, — дейді Дәнел апа.

Әлкей Марғұлан және Дәнел Әлкейқызы
Әлкей Марғұлан және Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел Әлкейқызына осы тұсы әкесіне тартқанын айтып, әзілдеп алдық. Табалдырықтан аттағалы өзі де бізге «айналайынын» жаудырды. Кейін жаңағы суретке қарап, бір жымиып алды.

Қазір, әрине, суреттегі Дәмеш өзі де әже болып үлгерді. 

Дәнел Әлкейқызының бір ұлы, бір қызы бар. Қызының аты — Дәме, ұлының аты — Шыңғыс.

Дәмеден бір ұл бар. Атын Едіге деп өзім қойдым. Едігеден үш жарым жастағы Әлкей мен Әл-Софи деген қыз туды. Әлкешімнің есімін бірге таңдадық, құлыным бәрін тез ұғып алады. Екі жасында ассоциациялық ойлау қабілеті жақсы екенін байқадым. Бір нәрселерді салыстырып отырып сөйлейді. Тіпәй, тіпәй, көз тимесін, — дейді Дәнел апа. — Ал кішкентайымыздың есімін қоярда анасы түс көріпті, аян келгенін, осындай есім қою дұрыс болатынын айтып, есімін өзі қоюға рұқсат сұрады. “Құдай-ау, сенің қызың ғой, әрине қоя бер” дедім. Ал ұлым Шыңғыс әлі үйленбеді. Осы үйде сонымен бірге тұрамын, — дейді ол.

Дәнел Әлкейқызы барлығын әкесінің тегіне жаздырған.

Бәріміздің тегіміз — Марғұлан. Әкемнің ұлы болмады. Жалғыз қыз болғандықтан, осы текті сақтап қалуым керек болды. Қазір шүкір, бірнеше ұрпақтан соң кішкентай Әлкей Марғұлан туып, көз қуанышымыз болып отыр, — дейді Дәнел апа. 

Әлкей Марғұлан еленіп жатыр ма?

Дәнел Әлкейқызы Алматы тұрғындары тарихи тұлғаларды ұлықтауға аса көңіл қоймаған дейді.

Алматы бұл тұрғыда басқаша қала. Бұл қалаға тарих та, тарихи тұлғалар да аса қызық емес. Неге екенін әлі түсінбеймін. Жақында Жезқазғанда, Сәтпаев қаласында болдым. Ел қаланың 50 жылдығын, Қаныш Сәтбаевтың туғанына 124 жыл болғанын тойлады. Қала тұрғындарының Қаныш Сәтбаевқа деген құрметін көрсеңіздер ғой. Ескерткішіне гүл қою рәсіміне келген адам қарасы көп. Алматыда болса, гүл қоюға бір адам да келмес еді. Алматы әзірге митингіге шығуды біледі (күліп). Қаныш Сәтбаев, әрине, ерекше тұлға. Оған көрсетілген құрмет осылай-ақ болуы керек. Бірақ тарихқа үлес қосқан көп тұлға елеусіз қалмауы қажет деп ойлаймын, — дейді ол.

Дәнел Әлкейқызы
Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәнел апа Әлкей Марғұлан есімін ел есінде қалдыру үшін еңбектеніп жүрген еріктілер де бар екенін айтты.

Жақында Павлодарға Олжабай батыр жайлы кітаптың тұсаукесеріне шақырды. Бұл — әкемнің ата-бабасы. Әкем үнемі суреттерді көрсетіп, “Мынау — Олжабай деген батыр аталарың” деп мақтанып отыратын. Бұрын ол кісі жайлы газетке хабар бергіміз келгенде үнемі алмай қоятын. Бұл тарихтағы ірі тұлға ғой, Айдабол батырдың ұрпағы. Ақын Олжас Сүлейменов те осы тектен тараған, тіпті есімі сол Олжабай батырдың құрметіне қойылған. Бастамашыл топ әкемнің архивтегі деректерінің негізінде жақында батыр жайлы кітап басып шығарыпты, қатты қуандым, — дейді ол.

Олжабай батыр
Сол жақта Олжабай батырдың портреті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

2024 жылы ғалым Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл болады. Ғалымның қызы осыны айтып әзірше ешкім хабарласпағанын айтты.  

Әзірше 120 жылдыққа бірнәрсе істейік деп хабарласқан ешкім жоқ. Бірақ үкімет елемесе де, Айдаболдан шыққан ұрпақ Әлкей Марғұланның есімін жаңғырту үшін қарап қалмайтынын білемін. Ал өзім сол әкемнің мұражайын ашқым келеді. Мұражай Алматыда болғанын қалап едім, бірақ кеңесе келе, Ұлытауда болғаны жөн деген шешімге келдік. Бір жағынан киелі жер, бір жағынан өңірге туристерді тарту үшін жасалған жақсы амал болар дедік. Өзім жобаның жол картасын әзірледім. Әзірге мұражай жобасын қалай етеміз деп келіссөз жүргізіп жатырмыз, — дейді Дәнел Әлкейқызы.

«Марғұлан тегі — мақтаныш»

Дәнел Әлкейқызы қазір балаларына Әлкей, Марғұлан деген есімдерді беріп жатқандар көп екенін байқаған. Ондайларды көрсе, өзі қуана әңгімелесетінін айтты.

Дәнел Әлкейқызы.
Дәнел Әлкейқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бізге қатысы жоқ тегі Марғұлан деген жігітке «Марғұлан болған қалай екен?» десем, “Керемет” деп жауап берді. Ал мен үшін бұл — үлкен мақтаныш. Әрине, Марғұлан ұрпағы болу өзім үшін — үлкен жауапкершілік. Сол мұражайды ашуға да жауаптымын ғой. Дегенмен қазір қаржы жағы қиын боп жатыр. Келесі сұхбат мұражайдың ішінде жазылатын болар, — деп Дәнел апа әңгімесін аяқтады.

P. S. Дәнел Әлкейқызы көп сұхбат бере бермейді. Бұған дейінгі бір сұхбатында ол «Әкемді түсімде көрсем екен деймін, мұрасына тиісінше көңіл бөліп жатқанымды, маған разы екенін, дұрыс жолда екенімді айтқанын қалаймын, бірақ әлі түсіме кірмеді» деп күрсінген. Содан бері «Түсіңізге кірмеді ме?» деген сауалымызға енді кіргенін қаламайтынын айтты. Өйткені қазір өлгендер түсіңе кірмесе, разы болғаны деген ырымға сенеді әрі онсыз да дұрыс жолда екенін біледі.