Батыс Қазақстан облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында 175 мыңға жуық адамды қамтыған 350-ден астам іс-шара өтті. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, демеушілер мен меценаттар көмегімен 166 жоба іске асты. Облыс орталығында меценаттар қаржысына мұқтаж адамдарға арналған құны 200 миллион теңге үй құрылысы салынып жатыр.
Жоспарда тағы 43 жоба бар. Республикалық қасиетті орындар тізіміне енген облыстағы 7 нысанға жолдар тарту мен инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар қолға алынды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ішкі туризм дамып, облысқа келетін туристердің саны артады. «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірге Crowdsourcing.kz жобасы іске асыа жатыр. Бүгінгі күні 150-ден астам жоба ұсынылып, дауыс берілді. Ең жақсы ұсынылған жобаларды Орал қаласы әкімдігі жүзеге асыратын болады,- дейді Алтай Көлгінов.
Облыс әкімі «Саят» этнотуристік орталық пен «Жайық қалашығындағы» ашық аспан астындағы музейді жасақтау жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ, келесі жылдың көктемінде «Қызғалдақ» халықаралық фестивальі өтетіні белгілі болды.
Өңір басшысы балабақшалар туралы да айтып берді. Мемлекеттің қолдауы мен жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесінде облыстағы балабақшалар саны 500-ге жетті, оның 52-сі – жеке балабақшалар. Балаларды кезекке қою Орал қаласында электронды жүйеге көшірілді. Облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 70%-ды, 3-6 жасқа аралығындағы балала 100% болды.
Облыста Bilim Land білім беру порталының жоғары сапалы мазмұнын қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық мектептердің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 225 (100%) шағын жинақты мектепке жалпы құны 312 миллион теңге болатын 567 бірлік «Білім кітапшасы» компьютер-трансформерлер сатып алынды. «Нұр Отан» партиясымен бірге 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Келесі жылы партиялық жоба бойынша тағы 50 IT-сынып ашылмақ.