Астана тұрғындары қар тазалаушы жұмысшыларға көмектесті

Астана тұрғындары коммуналдық қызметтерге аулаларды қардан тазартуға көмектесуге шықты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен тәуліктерде Астанада толассыз қар жауды. Осыған байланысты қаладағы тасжолдар да жабылды. Кеше таңертең қала тұрғындары коммуналдық қызметтердің келуін күтпей, тұрғын үйлерінің ауласын қардан тазартуға шықты. Сарыарқа ауданының аумағындағы Абай даңғылы 1-үйдің тұрғындары күндіз ауласындағы қарды күреп, жаяулар жолы мен балаларға арналған алаңдарды мұздан тазартты.

Мен бұл үйде 2011 жылдан бастап тұрамын. Өзіміз тұрып жатқан үйдің ауласындағы жағдайға бейжай қарай алмаймын. Мұнда біздің балаларымыз өсіп келеді ғой. Кеше күні бойы қар жауды. Жолдарда коммуналдық қызметтер белсенді жұмыс істеп тұр. Алайда жауған қар мөлшерінің көп болғаны сонша, коммуналдық қызметтер барлық аумақты тазартуға үлгермей жатыр. Кеше көршілерімізбен таңертең барлығымыз бір адамдай ауланы тазартуға шығамыз деп ұйғардық. Аудан әкімдігіне шағым түсірмей, керісінше оған көмек көрсеткен жөн емес пе?! — дейді үйдің тұрғыны Марат Сәлиев.

Айта кетейік, синоптиктер алдағы күндері де қар жауатынын ескертеді. 26-27 қарашада Астана аумағында көшпелі бұлт шығып, кей кезде қар жауады, бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 9-14, кей кезде 15-20 м/с -ке жетеді. Ауа температурасы түнде және күндіз 8-10 градус аяз болады.