Қоғамның негізі – жанұя. Жанұясыз ешбір қоғамды елестету мүмкін емес. Әке мен ана — отбасының қос қазығы. Ал бала – болашағы. Қос қазықтың біреуі болмаса, бала жетім қалмақ. Қазақ – жесірін жылатпаған, отбасы құндылығын жоғары бағалаған халық. Бірақ елімізде жыл сайын ажырасу деңгейі төмендемей тұр.
«Айдарбек Зейнепті жазықсыз ұрып, Қараңды батыр, кет!.. Мен сенен талақ!» – деді (Бейімбет Майлин шығармалары).
«Адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызы жоғалып, жаңадан ғана отбасын құрған жас жұбайлар көп ұзамай ажырасып жатыр. Ал ажырасуларының себептері әртүрлі. Солардың ішінде көп кездесетіні өскен ортасы, көзқарасы, әлеуметтік жағдайларының тең болмауы. Ал бұл туралы дінде не айтылған?
«Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» («Ниса» сүресі, 34-аят).
Жалпы ажырасуға дін тұрғысынан қарасақ, ол мұсылман құқығы термині бойынша «талақ» деп аталады. Талақ айту – некенің бұзылуы.
«Аллаһ тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3).
«Талақ» сөзінің қазақ тілінің әмбебап сөздігіндегі діни термин ретіндегі мағынасы «неке бұзылды, әйелін тастады» деген сөз. Ал араб тілінде «талақ» сөзі «жіберу, тастау, тәрк ету» дегенді білдіреді.
Жастардың қалаған уақытта үйленіп, қалаған уақытта «талақ» деп ажыраса салуы — қоғамның бір дерті. Бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алудың жолдары қайтадан сол отбасы, ондағы ата-ананың балаға берген тәрбиесі болмақ. Себебі ата-ана баласына жақсы тәрбиеден де маңызды еш нәрсені мұра етіп қалдыра алмайды.
Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.